Пойыздағы мінажат

0
1889

Редакциядан: Жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың ешкімге ұқсамайтын стилі бар. Ол бүгінгі қазақ қоғамына жаңаша көзқараспен қарайды, оның бойында атақ-мансап қуу, шенді-шекпендіге жағынып орден, медаль дәмету секілді ескінің сарқыншағы атымен жоқ. 

Оның «Тұрмыс парадокстары» деп аталатын әңгімелер циклі де бүгінгі күнмен тыныстайды, біз көрген һәм біз сезінген уақытты суреттейді. «Қала мен Дала» жас қаламгердің осы циклдің ішіндегі әлі еш жерде жарияланбаған тың дүниесін оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. Жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың «Тұрмыс парадокстары» циклынан үзінді

Теміржол бекеті. Сағат кешкі 7.

Жігіт вагонға ентіге енді де, демін басу үшін шабаданының үстіне отыра кетті. «Үлгердім-ау, у-у-у-у-ф!» – деді естілер-естілмес қана.

          – Бауырым! Жолды бөгемей… шамалы шетке жылжысаң… – деді бетінде тыртығы бар бейтаныс. Оның даусы да, түр-тұлғасы да елден ерек боп көрінді жолаушыға. 

– Әрине, әрине! – деді ол сыпайыгершілік танытып.

– Сақ жүр! – деді жаңағы жан арқасынан қағып. Қолы ауыр екен.

Жігіттің:

– Рақмет! Алла разы болсын! – дегендегі сөзі қатты естілді білем, бәрі тегіс жалт қарады. – Құдай күнәларымызды кешірсе екен, – деп күбірледі. Файл ішіне ұқыптап салған билетіне бір қарап алды-дағы, өзді-өзімен: «7-орын… 7-орын… 7-орын…» – деп ілгері жылыстады. Бір купенің жанынан өтіп, өзінікіне тоқтады да, білінер-білінбес қана иіліп:

– Сәлеметсіз бе?!

– Сәлем!

– Кешіріңіз! Бұл менің орным еді.

– А-а-а… – деді қыз еш саспастан.

– Жарайды. Отыра беріңіз. Ұйықтар кезде ауыса салармыз, – деп ол терлеген қыр мұрнынан сәл ғана төмен түскен көзілдірігін түзеп, заттарын орналастырып, үстіндегі кәстөмін іліп, дәретханаға барып беті-қолын жуған соң ғана біршама жеңілдеп, шаршағаны басылғандай.

Трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс…

Жігіт жарықты жағып, жамбастаған қалпы кітапқа ден қойды. Қыз шемішке шағып, музыка тыңдап отыр.

– Кешіріңіз!

– Не болды?..

          – Ойым бөлініп жатыр, – деді ер көзілдірігін көтеріңкіреп.

          – Бопты.

          – Рақмет!

          Екеуі ара-тұра кезек-кезек терезеге телміріп, иен дала, жазық жерге қарап-қарап қояды. Жанынан бағандар, тал-теректер, ескі үйлер, андыз-андыз стансылар өтіп жатты, өтіп жатты. 

          – Сапарға шықсам құлазитыным бар. Үйді сағынып.

          – Неге?  

Жолсерік көңілді кісі екен. Келіп «Қара жорға» мен лезгин жұртының биін билеп берді. Екеуі мәз. Бойжеткен мысалынан кісінің шын көңілмен рақаттана күлгенін сонда тұңғыш рет көргені, жолаушының. Түн баласында бір сиқыр, тылсым бар. Мәселенки, таңертең көрген адам түнде басқаша, өзгеше күйге енеді. Кей-кейде мінезі, іс-әрекеті танымастай өзгереді. Демек, түн бақыр бастыға барынша әсер ететін ұқсайды, өне бойына ерекше күш дарытады немесе керісінше, таң атқанға шейін бір қасиетін уақытша «ұрлап» алады, кемітеді. Ой, тақырыптан ауытқып кетіппін, кешірім сұраймын. Содан…

– Біз Шаттық шаһарынан Арман қаласына сапар шегіп барамыз! – деді манағы бетінде тыртығы бар бейтаныс.

– Көрдің бе? Көрдің бе? Ол бағанағы… – деді жігіт шошығаны соншалық орнынан атып тұрып, «сізден» «сенге» қалай көшкенін аңдамай.

– Кімді? Қайсы?

– Қазір ғана өтті ғой, Құдай-ай.

– Қияли, – деп қыз мырс етті. 

***

          – Біз қайдамыз, өзі?

          – Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын.

          – Тіріміз бе, өліміз бе?

          – Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын, – деді қыз қорыққанынан бір сөз-сөйлемді екі дүркін қайталағанын байқамай.

          – Жұмақтамыз ба?

          – Жұмақ қараңғы ма?

          – Белгісіз.

          – Онда, Тозақта шығармыз.

          – Кетші, қумай. Қиял.  

          – «Тозақ – ыстық» дегенді діни кітаптан оқып ем. Ал мына жер жанға жайлы…

          – Жолаушылар, сабыр сақтаңыздар! Пойыз аударылды. Пойыз аударылды. Сабыр сақтаңыздар, – деген жолсеріктің даусы алыстан құмыға шықты.

          – Қабырғам-ай!

          – Басым-басым! – деп қыз ойбайлап қоя берді.

          – И-и-и-и, қабырғам-ай. Өмірдегі арманым – қыз баланың қолын ұстау еді.

          – Басым-басым!

– Сол арманның орындалуына көмектесші.

– Қайдасың?

– Міне, мына жерде. Дәл осы жерді… сені бұрын көрген секілдімін. Тарих қайталана ма?

– Қайдан білейін! Қызық екенсің, өзің. Апатқа ұшырағанда сондай орынсыз сұрақ қоя ма екен адам деген?!.

– Бұл соңғы сәтіміз шығар…

– Өлімнен… ажалдан қорқамын.

– Қорықпа! Қолыңды созшы! Имандай шыным, қорықпа! – деген сөзді жігіт өте сенімді, асқан өршілдікпен айтты. Қыздың қолы қараңғылықты қақ жарып, дәл жігіттің жүрек тұсына кеп тұрақ тапты. Ердің қуанғаны сондайлық, көзінен жас ыршып шыққаны бар емес пе (сол тамшы жерге түсіп, гүлге айналды. Ғажап гүлге). Арада шамамен 7 минуттық үнсіздік орнады.

– Рақмет! – деп жігіт дірілдей кеберсіген ернін оң қолының сыртымен сүртіп, сынған көзілдірігін шешеді. – Рақмет! Рақмет, Саған! Енді, өлсем де арманым жоқ.

– Қумашы, қиял. Үнсіздіктен соң. – Қызық сезім.

– Қандай? Айтшы.

– Түсіндіре алмаймын. Оны тек сезіну керек.

          – Мынау – саған! Сізге! Саған!

          – Үрейім сейілді, сенесің бе? – деді бойжеткеннің бозарған әрі келісті кеспіріне  қан жүгіріп…

          – Алла күнәларымызды кешірсе екен, – деп жігіт бетін сипады.  

(Сол тамшы жерге түсіп, гүлге айналды. Ғажап гүлге). Жігіт жақшаны ашып, сол гүлді алып шыққаны сол еді, айнала-маң нұрға малынды. Сәуле-сәйгүлікке мінген Жарық жарқ-жұрқ еткен алдаспанымен Түнекті түре қуды. Пойыз шойын жолдан шығып кетіп, қапталдағы қара үйге барып соғылған екен. Полиция, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен «Жедел жәрдем» жетті, уақиға орнына. Дүрліккен ел, мазасы қашқан халық, әйтеу…

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here