Түркістан облысында электронды қызмет қарқынды дамуда

0
1912

Түркістан облысында көлік саласы бойынша жол картасы жасалынып, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «Зерде» АҚ-мен келісім орнатылған. Бүгінгі күні көлік компаниялары мен инвесторлар арасында электронды билетті енгізу туралы меморандумға қол қойылды.

Пилотты жоба Түркістан қаласындағы № 1А бағытындағы қоғамдық көліктерге енгізіледі. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев мәлім етті.

Сонымен қатар бір уақытта GPS трекері арқылы электронды билет жүйесі орнатылатын болады.

– Аталған пилоттық жоба аяқталған соң қалған барлық қалаішілік бағыттағы 21 автобусты қамту жоспарлануда. Ал электронды билет жүйесі енгізілген автобустардың жалпы саны 270-ті құрамақ. Сондай-ақ Түркістан қаласында инвесторлар есебінен 1 «ақылды» аялдама және 5 жарнама стелін орнату жобалануда, – деді Бастар Әуелханұлы.

Бұдан өзге, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап облыс орталығы Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тұрақты түрде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған 20 бейнебақылау камераларын орнату көзделуде. Сонымен қатар Кентау қаласында қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуші 10 бейнекамера және 2 интеллектуалды жол қиылысын орнату жоспарланған.

Түркістан облысында цифрландыру жүйесін дамыта түсу мақсатында білім беру саласы бойынша педагогикалық құрамды жинақтау процесі автоматтандырылған. Облыс бойынша жұмыс іздеу және жұмыссыздық пайызын төмендетіп, қолжетімділікті және қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін «jumys.sitcen.kz» жүйесі енгізіліпті.

Бұрын педагогикалық лауазымға үміткерлер мен педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері бос орындар туралы мәлімет алу үшін әр мектепті аралау қажет болса, электронды жүйе арқылы өтінішті онлайн-режимде тапсырып, ашық конкурстық іріктеуден де өтуіне мүмкіндік береді

– Бүгінгі таңда жүйеде 2500-ге жуық пайдаланушысы болса, онда 500-ге тарта бос жұмыс орны орналастырылған. Қазір жоба арқылы 26 өтініш түсіп отыр. Бұдан өзге, облыс бойынша 456 639 бала санымен 901 жалпы білім беру мектептері бар. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша мектептерге бірінші сыныпқа қабылдау процесінің автоматтандырылған mektep.sitcen.kz порталы іске қосылды, – деді Бастар Әуелханұлы.

Сондай-ақ «Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекке қою және жолдама беру» процесін автоматтандыру жүйесі 358 мекемені қамтып отыр. Басқа аудандар мен қалаларда жұмыстар жүргізілуде. Аталған жүйелер түрлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, азаматтар үшін барынша ашық түрде және қолайлы болуын қамтамасыз етеді.

– Бүгінгі таңда орта білім беру салаларында мемлекеттік-жекеменшік ынтымақтастық аясында «Күнделік» электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» енгізілуде. Қазір 901 мектептің 87 пайызы жобаға тіркеліп, жұмыс жүргізуде, – деді Бастар Есқараев.

Ағымдағы жылы Түркістан облысында цифрлық білім беру ресурстарын енгізу аясында 1500 BilimBook ноутбугын және 200-ге жуық интерактивті панелдері сатып алынып, нәтижесінде оқушыларды компьютермен қамту деңгейі едәуір артатын болады.

Жүздесу кезінде ақпараттандыру саласының мамандары Түркістан облысында  «DAMUMED» мобильді қосымшасына 58933 пайдаланушы тіркелгенін алға тартты. Бұл өңірдің белсенді пайдаланушыларының 6,8 пайызын құрайды. Жалпы, көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарланған. Оның айтуынша, мобильді қосымшаның көмегімен дәрігерге 28 645 қабылдауға жазылу, 1 249 үйге шақырту, 5 032 жүктілігіне байланысты есепке тұру және 23138 рет 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарын тіркеу сынды қызметтер пайдаланылған.

– Облысымыздағы 49 емханада денсаулық сақтау саласында көп қолданылатын дәрігерді үйге шақырту, дәрігердің қабылдауына жазылу, медициналық ұйымдарға тіркелу сынды қызметтерге қол жеткізе алатын медициналық ақпарат жүйесі іске қосылды. Түркістан облысы бойынша қағазсыз технология 2018 жылдың 2 сәуірінен бастап іске қосылды. Облыс бойынша медициналық құжаттаманы қағазсыз негізде жүргізу 32 пайызды құрап отыр, – деді Бастар Әуелханұлы.

Жылдың соңына дейін денсаулық сақтау саласы бойынша 100 пайыз техникамен қамтамасыз етіп, толығымен қағазсыз құжат айналымына өту жоспарланған. Сондай-ақ мобильді қосымшасымен тұрғындардың 30 пайызын қамту көзделіп отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here