Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қызметкерлерінің атқарып жүрген аса жауапты да маңызды істері мұсылман қауымының мүддесін ғана емес, Қазақстанның егемендігін баянды ету жолындағы маңызды шара деп қабылдаған жөн. Бүгінде қолға алып, жалпы қоғамға пайдалы болу үшін жүзеге асырып жүрген ізгілікті істері көпшіліктің көңіліне қонады.
Ислам – бейбітшілік пен сүйіспеншілік діні. Исламның негізгі мақсаты – адамдарға деген сүйіспеншілік, адам құқығына деген құрметті жүрегіне орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. Бір-бірімізді сыйлау, басқалардың құқығына құрметпен қарау – нағыз мұсылман болудың негізгі шарты.
Осы орайда, ұйғыр халқының өкілі ретінде өзімнің Қазақстан сынды көпұлтты мемлекетте тұрып жатқандығымды, Елбасының, дінбасыларының ұстанған саясаттары, кез келген ұлтқа көрсетер жоғары құрметі, қазақ халқының сыйластығы, өзгелерге көмек қолын созуы – шынайы мұсылмандықтың белгісі екендігін астын сызып атап өткім келеді.
«Көпұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз, тату елге тыныштық орнайды, бейбiт елде ғана береке болады…» деген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне сүйене отырып, елімізде түрлі ұлт өкілінің тату-тәтті өмір сүріп жүргендігіне, сындарлы саясаты арқылы Үкімет тарапынан осындай зор мүмкіндіктің бізге берілгеніне халқымның атынан ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
Өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы бар әр ұлттың бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып өмір сүріп жатқандығының дәлелі – түрі басқа болса да, тілегі бір: бірлік, достық, татулық.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар». Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы достық мәңгілік болса екен деп тілеймін.
Форумды ашқан ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының айтқанындай, «Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі».
Осының бәрін сезіну үшін адамның бойында имандылықтың болуы шарт. Себебі «Отанды сүю – иманнан».
Алла иманымыздың берік, тұғырымыздың биік, достығымыздың мәңгілік, татулығымыздың ұзағынан, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш, болашағымыздың жарқын болуын адалынан нәсіп етсін!
Қоғамдағы бұралаң жолдар мен жайсыз жағдайлардан тазалап, талайға үлгі болатындай түзу жолды саралау мақсатында атқарылған көп істердің ішіндегі бірі және бірегейі – ҚМДБ ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумының ұйымдастыруын атап айтуға болады.
Аталмыш форумда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі, ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі атты үш маңызды құжат қабылданды.
Солардың ішіндегі алғашқысына баса тоқталып өткім келеді. Мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтитын жеті рухани қазығымыз нық қағылып, нақты айқындалып көрсетілген.
Егер біз Имандылық, Отаншылдық, Білімділік, Ауызбіршілік, Еңбекқорлық, Мәдениеттілік, Әділдік сынды құндылықтарымызды сақтайтын болсақ жүрегіміздегі Жаратушы бір Аллаға деген иманымыз берік, кеудеміздегі оттан да ыстық Отанымызға деген құрметіміз жоғарылай түсетіні анық.
Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі тиіс. Осындай тәлімі мол имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.
Аталған жеті рухани қазықты нақтылай келе, форумның екінші қаралған мәселесінде, дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі бекітілді. Сәбиге ат қоюдан бастап Хатым-Құран оқуға дейінгі дін қызметкерлерінің 45 (қырық бес) міндеті қысқаша түсіндірмесімен бірге көрнекті көрсетілген.
Үшінші мәселеде, діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері мен біліктілік және тұлғалық қасиеттеріне қойылатын талаптар тиянақты айқындалған.
Форум шеңберінде қабылданған осы үш маңызды құжаттың негізінде басты қорытатынымыз: Дін мен діни білім – еліміздің діңгегі!
Құрбан ТҰРДИЕВ, кәсіпкер.