Бейімбет Майлиннің туғанына – 125 жыл
Қазақтың Чехові, классик қаламгері Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 125 жыл толды. Осыған байланысты жазушының өмір-өзен ғұмырын, мол шығармашылығын, мұрасын терең зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде ауқымды іс атқарған акамедик, ғалым Тоқтар Бейісқұловтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Ғалым Майлиннің біз білмейтін қырларын әдемілеп әңгімелеп, майын тамызып айтыпты.
– Тоқтар аға, Бейімбеттей алыптың өмірі мен өнегесін зерттеуді қай жылдан бастап қолға алдыңыз?
– 1960 жылдары сол кездегі Алматы қалалық партия комитеті ұсынып Мәскеу қаласындағы партия мектебінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Дипломдық жұмысымды «Бейімбет Майлиннің журналистикадағы жолы» деген тақырыпқа арнадым. Курстық жұмысымды орыс тілінде сәтті қорғап шықтым.
Оқуды аяқтағаннан кейін Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығы туралы студенттік кезде басталған қызығушылықты кәсіби деңгейде дамытсам деген ой келді.
Әлбетте, Майлин туралы телегей теңіз мол мұра қалдырған, оның естеліктері мен ой-пікірлерін қағазға таңбалап кеткен қаламгерлердің, ғалымдардың, жазушының замандастарының еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Өз басым олардың жолын жалғастырдым деп санаймын.
Бұл менің тарапымнан Майлиннің мол зерттеуге қосқан тамшыдай болса да үлес. Би-ағаның ғұмыр-дариясын соңында жұртына жеткізуде қауқарым, уақытым, қарым-қабілетім жеткенше еңбектендім деп санаймын.
Жалпы, Би-ағаң туралы толымды зерттеу жүргізген тұлғалар аз болмаған. Соның бірі Темірғали Нұртазин еді.
«Бейімбеттің шығармашылығы» атты іргелі еңбегін көзі қарақты оқырман оқыған болар. Бір жолы Темірғали ағаның үйіне бардым.
Жазушы Би-ағаның ерекше құбылыс иесі екенін айтып, өз заманында Майлиннің мықты журналист болғанын, алайда әзіргі зерттеушілер бұған көңіл бөлмей отырғанына қынжылыс білдірді. Майлиннің мұрасын зерттеуіме Темкеңнің осы әңгімесі себеп болып, бұл іске тәуекел деп кірісіп кеттім.
Курстық жұмыстан басталған қызығушылық ақыр соңында бүкіл өмірімінің арқауына айналды.
– Содан бері 40 жыл өтіпті…
– Иә, одан бері де қаншама су ақты. 40 жыл аз уақыт емес. Майлин туралы ең алғашқы мақалам «Талантты да тағанды журналист» деген тақырыппен жарияланды. Кейіннен «Қаңқайып қалған қара тас», «Жастарға жаны жақын еді», «Түрмеде тұйықталған ғұмыр жасы», «Құнарлы талант», «Бейімбеттің қазасы» және тағы басқасы бар, бас-аяғы 70-ке жуық мақала, 6 бірдей кітап және «Би-аға» атты естеліктер жинағы жарық көрді.
– Майлиннің өмірі мен шығармашылығы арқау болған кітаптар туралы айтып өтсеңіз?
– Би-ағаңа арналған алғашқы кітабым осыдан 40 жыл бұрын жарық көріпті. Одан бергі уақытта «Бейімбет Майлин және ұлттық өнер», «Қилы заман азабы», «Дарын даралығы» секілді туындылар қалың оқырманға жол тартты.
«Сарыарқа саңлағы» атты «Ұлы тұлғалар» серия аясында жарияланған кітапқа редактор болдым.
Жалпы, осы күнге дейін Майлиннің бұрын еш жерде жарияланбаған, елеусіз болып келген 9 мақаласын, 19 хатын, 1 әңгімесін, 3 повесін, 6 фельетонын іздеп тауып басылымдарда жарияладым.
Шыны керек, оңай болмады. Майлиннің өмірі мен өнегесін зерттеп, зерделеуде архив құжаттарының өзі аздық еткенін несін жасырайын. Біздер оның абақтыға қамалғанын білеміз, біраз ату жазасына кесілу себептерінің нақты дерегі жоқ еді.
«Оны ату жазасына бұйырған кім?», «Оған үкімді кім кесті» деген сауал туындады. Ғұмырының осы тұсы тасада жатыр-ау, «үш әріптегі» ісін қайта қопарып, ежіктесек деген ой маза бермеді.
Ақыры, алған бетімнен қайтпай, қаламгердің ұзақ жыл бойы құпияда жатқан ісімен таныспақ болып КГБ-ге хабарластым. Әлгілер Майлинге қатысты мәліметтерді бергісі келмей, біраз бұлталақтады. Мен де бір тәуекелге белімді буып, айтқанымнан қайтпадым. Соңында сөзіме көніп, «туған-туысынан кім бар? Өтініш жазсын, рұқсатын берсін» деген талап қойды.
Би-ағаның Гүлсім деген қызынан өзге көзі тірі ағайыны жоқ еді. Айтып едім, бірден келісті. Қызының қолын қойдыртып «үш әріптің» кеңсесіне кірдік.
Жазушының ісімен жете танысуға мүмкіндік туды. Соның нәтижесі бірнеше құнды мақала жазылды, оның соңынан «Майлинді атқан кім?» деген кітабым жарық көрді. Кейін кітапты қайта толықтырып, «Қилы заманның азабы» деген еңбегімді бастырдым. Өкінішке орай, таралымы аз болды. 2003 жыл еді. 1000 данамен ғана таралды.
– Майлиннің әдеби мұрасының жалпы саны анықталды ма, осы?
– Көпшілігі анықталды. 4 роман (негізі бесеу еді, «Қарашаш» романы сол күйі табылған жоқ), 17 повесть, 19 поэма, 15 пьеса, 200-ден аса өлең, 100-ге тарта әңгіме, 130 фельетон, 38 очерк, 700-ден асып жығылатын мақаласын анықтадық.
Бейімбет туралы көптомдықтың алғашқы кітабын 2004 жылы шығардық. Кейін екінші томы жарық көрді. Оған жазушының еш жерде жарияланбаған 96 әңгімесін тауып, енгіздік.
Салыстырар болсаңыз, 1959 жылғы «Таңдамалы шығармаларына» – 36, 1978 жылғы таңдамасына – 49, ал 1980 жылдардың ортасында шыққан тағы бір топтамаға жазушының 81 әңгімесі еніпті. Сол уақыттан бері белгісіз болып келген қаншама әңгіме Тәуелсіздік алғаннан кейін архивтен аршылып алынды.
Иә, табылмай жатқан мұралары да көп. Оларды табу үшін Мәскеудің архивін ақтару керек. Бәлкім, сол арадан Би-ағаның жоғалып кетті деген «Қызыл жалау» романы, «Дидар-ай» либреттосы табылып қалар…
– Би-аға аз ғана ғұмырында талай дүние жазып қалдырған екен-ау!
– Иә, ол көп жазған адам. Мұның бір көрінісі Майлиннің бүркеншік есімдері көп. Ол барлық туындысына өзінің атын қоя бермеген.
Бұл арада Бейімбеттің өз шығармасына анық аты-жөнін көрсетпей, бүркеншік есімді қолданғаны қалай деген сауал туындайды.
Мұның себебі Би-ағаң тумысынан, табиғатынан қарапайым еді, мақтауды, мақтануды суқаны сүймейтін. Содан да болар, көзге шыққан сүйелдей боп қайта-қайта көріне беруді құп көрмеді.
– Ал енді әлгі бүркеншік есімдерді анықтау ауыр соқпады ма?
– Темірғали Нұртазин өзінің «Майлиннің шығармашылығы» атты еңбегінде «Би-ағаның біз анықтаған бүркеншік есімдері 21» деген еді. Кейін олардың саны 30-ға жуықтады.
Қаламгердің шығармашылығын талмай зерттеген Серікқали Бәйменше ағамыз «Бейтаныс Бейімбет» атты кітабында жазушының 33 бүркеншік есімі болғанын айтты.
Бейімбеттің бүркеншік аттарын анықтауды мен де жалғастырдым. Осы күнге дейін Би-ағаның 74 бүркеншік есімі бар екенін анықтадым.
– Жалпы, Бейімбеттануда шешілмей жүрген қандай мәселе бар?
– Олқы түсіп жатқан бір мәселе, Майлин туып-өскен Қостанай жерінде жазушының мұражайы жоқ. Бұл мәселені баяғыдан бері көтеріп жүрмін.
Көзі тірісінде жазушы Герольд Бельгер былай депті:
«Астанада Сәкен Сейфуллиннің, Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің музейі бар. Бейімбет Майлиннің туған жері Қостанайда оның музейі жоқ».
Осы жайт өкіндіріп жүр. Айтудайын айтып, жазудайын жаздық. Алайда үніміз жартасқа соғылғандай, жоғары жақтан жауап жоқ…
– Музей ашуға не кедергі?
– Қостанайдан Бейімбет Майлиннің музейін ашу туралы осыдан 15 жыл бұрын сол кездегі Үкіметбасы Даниал Ахметовтің, Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің атына хат жолдадым. Зиялы қауым бірауыздан қолдап С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, З.Қабдолов. Ә.Нұрпейісов секілді қабырғалы қайраткерлер қолын қойып берді.
Кейін Кулагиннен хат келді. Онда музей ашуға мүмкіндік жоқ деп жазылыпты және жауап жазғандар Таран аудандық музейі Бейімбет Майлиннің атымен аталатынын алға тартқан екен.
Бұл мәселені жылы жаба салғанды жөн көрмедім. Одан кейін де музей мәселесін сөз еткен талай мақала жазылды. Алайда естір құлақ, селт еткен жан болған жоқ. Бұл мәселені аяқсыз қалдырмау керек.
Бейімбеттей тау тұлғаның өз музейі болуы рухани жаңғырғанымыздың белгісі болар еді.
Әңгімелескен Самат Келдібаев