Биыл жарияланған «Жастар жылына» орай Қазақ ұлттық аграрлық университеті жастарды ұлттық патриоттық сезімде тәрбиелеуде және ауыл шаруашылығының жоғары сапалы мамандарын дайындауда үлкен жұмыстар атқаруда.

Университет қазіргі таңда бакалавриаттың 41 мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Мамандардың сапалы дайындығын 800 жүздей оқытушы, оның ішінде 115 ғылым докторы, 303 ғылым кандидаты, 49 PhD докторы қамтамасыз етеді.

Биылғы оқу жылында 1 курстың алты факультетіне 2500 студент қабылданды. Соның ішінде «Агробиология» факультетіне 5 мамандық бойынша – 262, атап айтқанда агрономия – 74, топырақтану және агрохимияға – 20, жеміс-көкөніс – 50, экология – 44 және өсімдік қорғауға 74 студент алынды.

Студенттердің көбісі ауылдық өңірден, яғни еліміздің шығысы мен батысынан, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағынан келген өрендер.

Университетте жылда дәстүрге айналған студенттер қатарына қабылдау салтанатты кеші қыркүйек айының соңында аталып өтті.

Осы жылы да «Жастар – кемел келешек кепілі» атты студенттер мерекесі Алматы шаһарының ең көрікті де көрнекті жері Көктөбенің төрінде ұйымдастырылды.

Мерекелік шараны  ҚазҰАУ ректоры, ҚРҰҒА вице-президенті, академик Тлектес Есполов арнайы құттықтау сөзбен ашты. Өз баяндамасында ректор университеттің тарихы, бүгіні мен келешегі туралы ақпараттар берді.

Студенттерді қабылдау рәсіміне арналған шараға арнайы қонақ ретінде еліміздің зиялы қауым өкілдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайреткерлері, белгілі қаламгерлер, жоғары оқу орындарының басшылары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, шетелдік қонақтар мен университеттің оқытушылары, студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында жаңадан қабылданған бірінші курс студенттеріне студенттік билет символының нышаны тапсырылды.

Салтанатты шарада әндер шырқалып, жырлар оқылып, театрландырылған сахналық қойылымдар ұсынылды.

Серік КЕНЕНБАЕВ, «Агрономия» кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here