Бизнесвумен

0
1393

Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі қанша?

Қазақстанда шағын және орта бизнеспен айналысатын әйелдердің үлес салмағы өсіп келеді.

Қазіргі таңда елімізде тіркелген 1 млн-нан астам шағын және орта бизнес нысандарының 43 пайызы нәзік жанды қауымға тиесілі.

Бұл туралы «Қазақстан әйелдерінің экономикалық құқықтары және мүмкіндіктерін кеңейту» атты жиында егжей-тегжейлі айтылды.

Жиынға қатысқан сарапшылар пікірінше, соңғы жылдары ел экономикасының өсіміне кәсіпкер әйелдер айтарлықтай үлес қосып жатыр.

Алайда әйелдердің бизнеске белсенді түрде араласуына кедергі келтіріп отырған мәселелер де баршылық. Айталық, әлі күнге дейін ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы азайған жоқ.

Әйелдер әлі күнге дейін ерлерге қарағанда аз айлық алады. Бүгінгі күні еліміздегі ерлер мен әйелдер арасындағы табыс айырмашылығы 30-35 пайыздың аралығында.

Конференцияға қатысқан «БҰҰ әйелдері» құрылымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкевичтің айтуынша, елімізде ерлер мен әйелдер жалақысының айырмашылығы айқын көрініп отырған фактор.

 Оның айтып өткеніндей, Қазақстандағы әйелдер ерлер жалақысының 67 пайызын ғана алып отыр.

Бұл орайда БҰҰ өкілі ер-азаматтар мен нәзік жандылардың үйдегі және түздегі жүктемелерін зерттеу қажет деген ұсыныс айтты.

«Айталық, бос жұмыс орындары бойынша байқауларда әйелдерге басымдық беретін жүйені жолға қойғандарыңыз жөн.

Қазақстанда инфрақұрылым, энергетика, транспорт-логистика сонымен қатар инвестиция салаларында әйелдердің үлес салмағы аз. Дегенмен, бұл оларға арналмаған бағыттар деп айта алмаймыз.

Елге инвестиция тартуды ер-азаматтардан кем білмейтін әйелдер баршылық. Сонымен қатар транспорт-логистика саласын да нәзік жандылар жақсы жүргізе алады, – деді ол.


Сонымен қатар осы шарада әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырау мәселелері де ашық айтылып, мұның алдын алудың амалдары қарастырылды.

Конференция аясында шараға қатысушылар Бейжің декларациясы негізіндегі талаптарға сәйкес, Ұлттық комиссия мен мүдделі тараптар әзірлеген ұлт шолу жобасын да жан-жақты талқылады.

Айта кетелік, аталған шолуда соңғы 5-6 жылда әртүрлі салаларда әйелдердің қоғамның рөлі мен орнын арттыру үшін жасалған жұмыстер зерттеп-зерделеніп көрсетілген.

Осынау шараға қатысқан Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова әйелдердің әлеуметтік-экономикалық проблемасы ортаға тасталып, оларды шешу жолдары ашық айтылатын жиындарды көптеп өткізу қажеттігін тілге тиек етті.

– Әйелдер туралы әңгіме болса, ең алдымен гендерлік теңдік мәселесі көтеріледі. Гендерлік теңдікке қол жеткізгенде ғана нәзік жанды қауымның барлық мәселелері шешімін табады деп есептеймін. Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін бірінші кезекте үйдегі, түздегі зорлық-зомбылықпен белсенді түрде күресуіміз қажет.

Осы мақсатта бүгінгі шарада Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы бірқатар міндеттерді белгіледі, – деді Эльвира Әзімова.

Айта кетелік, Ұлттық комиссия елеп-ескерген міндеттердің арасында нәзік жандыларды құқықтық қолдау жұмысын жетілдіру және осы тарапта құқық қорғау органдарының құзіретін күшейту туралы құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан, жалпы алғанда, өмірдегі зорлық-зомбылықтан ауыр зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік көмек беру мәселесі де сөз болды.

Шараға қатысушылар бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті атқарушы органдарды белсенді түрде тарту керектігін айтып өтті.

ВРЕЗКА:

Қазіргі таңда елімізде тіркелген 1 млн-нан астам шағын және орта бизнес нысандарының 43 пайызы нәзік жанды қауымға тиесілі.

Әйелдер әлі күнге дейін ерлерге қарағанда аз айлық алады. Бүгінгі күні еліміздегі ерлер мен әйелдер арасындағы табыс айырмашылығы 30-35 пайыздың аралығында.

«Гендерлік теңдікке қол жеткізгенде ғана нәзік жанды қауымның барлық мәселелері шешімін табады деп есептеймін. Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін бірінші кезекте үйдегі, түздегі зорлық-зомбылықпен белсенді түрде күресуіміз қажет», – деді Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here