Күләш Шәмшидинова: «Ұстаздарды қайта даярлаудан өткізетін 3 жылдық бағдарлама қабылданады»

0
1719

Ұстаз білікті болса, шәкірт те сауатты болады. Сауатты білім алады. Қатарынан қалмайды. Өмір көшінде ұстаздан алған тағылымы жол көрсетеді оған.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова биылдан бастап мұғалім біліктілігін арттыруды мықтап қолға алмақ.

«Қала мен Дала» газетінің Нұр-Сұлтандағы тілшісі министрдің көпбалалы аналармен өткізген кездесуіне қатысып, осы тараптағы атқарылар жұмыстың мән-жайына қанығып қайтты.

Дәл осы кездесуде Шәмшидинова ұстаздарды заман талабына сай даярлауда қандай өзгерістер жасалынатынын айтты.

Біз білсек, мұғалімдер біліктілігін арттыратын бағдарлама елімізде осыдан жеті жыл бұрын қабылданған.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, бағдарламаны қайта жаңғыртатын, ескірген тұстары табылса алып тастап, жаңа талаптармен толықтыратын кез келді.

Осы себепті алдағы үш жылда Қазақстандағы 140 мыңнан аса мектеп мұғалімі қайта даярлау курсынан өтетін болады.

«Оқушылар бүгінгі заманның ағысына ілесіп, көшінен қалмауы үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажет. Айналып келгенде, бәрі де ұстаз дайындығына тіреліп тұр.

Біліктілігін көтеру дегенді біржақты түсінбеу қажет. Мұның астарында білім беру деңгейінен бөлек, оқушылармен тіл табысу, ата-аналармен диалог орнатуы секілді басқа да факторлар бар», – деді Күләш Шәмшидинова Нұр-Сұлтандағы көпбалалы аналармен өткен жиында.

Министрдің айтып өткеніндей, 2019-2022 жылдың аралығында мектепке қызметке орналасқан психологтар және де сынып жетекшілері қайта даярлау курсынан өтеді.

Қазіргі таңда бұл санаттағы ұстаздар саны 85 мың адамды құрайды екен.

Бұдан бөлек, колледждерде білім беретін 15 мыңға жуық мұғалім және де ЖОО-ларда сабақ беретін 2 мыңнан аса ұстаз да қайта даярлау курсынан өтпек.

Мұндағы мақсат не?

Реформадан жүрегі шайлығып қалған ата-аналар мен ұстаздар жаңа министрдің бұл бастамасына қалай қарайды?  

 Шәмшидинованың айтуынша, бұдан қорқудың қажеті жоқ, қайта даярлау курстарынан өткен ұстаздардың өздеріне тиімді.

«Заң тозып, заман өзгеріп жатыр. Ескі сүрлеумен мәңгі бақи жүрмесіміз анық. Жаңа бағыт, жаңа бағдар қажет. Иә, кезінде бәрі басқаша болды. Ұстаз бен шәкіртке қойылар талаптар да қазіргідей болған жоқ. Біз оқыған кездері белгілі бір тақырыпты өтіп болғасын астында сұрағы тұратын. Ал сұрақтың жауабы тақырыптың ішінде жүретін еді.

Дәл қазір мұндай стильмен сабақ бере алмасымыз анық. Бүгінгінің баласы әлдеқайда алғыр, әлдеқайда озық. Сондықтан да: «оқушыларға дайын әрі өңделген ақпаратты бермеңіздер. Баланың ой-санасын түрлі сұрақ қою арқылы, өздігінен есеп шығарту арқылы, білімді өздігінен іздеуге баулыңыздар» деген қағиданы ұстаздардың құлағына құйып жатырмыз.

Жасырып жабары жоқ, дәл осы мәселеге келгенде қиналыңқырап жатқан мұғалімдер бар. Ескі оқыту стиліне төселіп алған оларға жаңа білім беру стиліне көндігу қиынға түсуде. Егер де қайта даярлау ұйымдастырсақ, осындай кемшіліктердің көзін жойған боламыз», – дейді Күләш Шәмшидинова.

«Ағылшынша оқыту? Бұған асықпай көшеміз»

Дәл осы кездесуде жоғары сыныптаxимия, физика, информатика және биология пәнін ағылшын тілінде оқыту мәселесі сөз болды.

Білім министрі аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту үрдісі қалай жүргізілетінін жіліктеп өтті.

Шәмшидинованың айтуынша, дәл қазір асығудың қажеті шамалы. Министрлік ағылшынша сабақ беруге асықпай көшу қажет деген шешім қабылдапты.

Бүгінгі күні ел көлемінде 150-ден аса орта мектепте осы тәжірибе жүзеге асырылып, сынақтан өткен екен.

«Қазіргі таңда осынау білім ордаларында ағылшын тілінің деңгейін сараптап, сүзгіден өткізіп жатқан жағдайымыз бар. Айталық, ағылшынша сабақ беретін мұғалімдер қандай кедергілерге кездесуде? Ағылшынша оқитын оқушылар сабақты санасына сіңіріп жатыр ма? Ағылшынға оқуға ынталы болса, біз оларға қалай көмектесе аламыз? Әзір осы мәселені назарға алып отырмыз.

Әрине, ата-аналардың талап-арызы да ескерілді. Ағылшынша оқытуға ең алдымен, мектеп пен ұстаздың өзі әзір болуы керек. Асығыстық жасасақ ағат кетеміз. Осы себепті де бірінші кезекті ата-аналармен ақылдаса отырып, ағылшынша оқытуды біртіндеп енгізетін боламыз. Бізді ешкім де қуып келе жатқан жоқ», – деді бұл орайда Білім және ғылым министрі.

Шәмшидинова түйіндеп өткен тағы бар мәселе – оқу бітірген түлектің жұмысқа орналасуы.

Министрдің айтуынша, еңбек нарығындағы ережелер жыл өткен сайын қатаңданып келеді, осы себепті білімге қойылатын талаптар да өзгеріп жатыр.

«Мәселе баланың мектепте, кейін келе ЖОО-да алған білімін қаншалықты меңгергенінде ғана емес, ертеңгі күні үлкен өмірге аяқ басқан бала сол білімді қажетіне жарата ала ма, жоқ па дегенге тіреліп тұр!», – дейді министр.

Білгеніміз, еңбек нарығындағы жағдайға икемделген көптеген мемлекеттер өздерінің білім бағдарламаларын қайта қарастырып, өзгеріске түсіріпті.

Нұр-Сұлтандағы көпбалалы аналармен кездесуде Шәмшидинова осы мәселені сөз етті.

«Біз де осы көштен қалыспауымыз қажет. Қалдық екен, жаңа заманның құндылықтарынан да қағыламыз. Меніңше, қазіргі ұрпаққа информатика пәнін, оның ішінде робот техникасы сияқты салаларды тереңдете оқыту қажет.

Технологиялар дәуірінде өмір сүргеннен кейін, технологиялардан бас тарта алмаймыз. Келекше қазіргі ұрпақ «Қазақстанда жасалған» технологияларды әзірлеп шығады деп сенсек, қазірден-ақ аталған салаларға құмбыл көңіл бөлгеніміз жөн», – деді Шәмшидинова.

Бұл тарапта Білім министрлігі оқу мен тәжірибені қатар ұштамақшы.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе бизнеске қатысты курстар енгізілетін болады. Осылайша, қазіргі ұрпақты шағын және орта кәсіптің қыр-сырына үйрету бастамалары жүзеге асырылады.

ТҰЗДЫҚ:

Жоғары сыныптарда бірқатар пәндерді ағылшынша оқыту мәселесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та тоқталып өткен.

 «Ол кезде оқушылар жоғары оқу орнына түсуге дайындалады. Ал дәл сол уақытта математика, физика, xимия мен биологияның терминдерін ағылшын тілінде түсініп үйренбесе, шетелге барып, оқи алмайды. Сондықтан мұғалімдерге барынша тырысу керек. Енді, ағылшын тілін бір жылдың ішінде үйрете алмайсың. Ал біздікілер үш айлық курсты шығарды. Одан кейін математиканы ағылшын тілінде үйретесің дейді. Ол өте ауыр. Мен өзім солай істеп көрдім. Қиын нәрсе екен», – деген еді Н.Назарбаев Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған жиында.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here