Астананың тіршілігі талқыланды

0
2210

Апта басында Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен кезекті отырыс болып, күн тәртібінде «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» ҚР Денсаулық сақтауды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру (бағалау) қорытындылары талқыланды.

Өз кезегінде сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов үш жылдың қорытындысы бойынша қаладағы тұрғындардың медициналық көмектің сапасына қанағаттану деңгейі 14,5%-ға артқанын алға тартты. Бұл жұмыс сапасын көтеру және қолжетімділік бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі екені белгілі.

– 2015 жылдың қорытындысымен салыстырғанда Астанада адамның өмір сүру ұзақтығы 1,4 жылға өсіп, 74,79 жасты құрады. Қазіргі күні бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш, – деді әкімнің орынбасары.

Н.Нұркеновтің айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрғындар жасын ұзарту бойынша 2018 жылғы бағдарламасына сай Астана алғашқы қатарда. Қабылданатын шаралардың арқасында Астанада негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсара түскен. Сонымен қатар  туу көрсеткіші өскен, ал қан айналымы жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктен, жарақат, жазатайым оқиғалар мен уланудан болатын жалпы өлім-жітім төмендеген.

Қала әкімі қомақты қаржыландыру бар жерде Астана үздіктердің көшін бастауы керек екенін атап өтті. Одан ары, 2019 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қала бюджетінің орындалуы және нысандарды қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау барысы туралы және 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары сараланды.

Еске сала кетейік, бағдарламаның басты мақсаты – мұғалім мамандығының абыройын арттыру және олардың сапасын жақсарту. «Рухани жаңғыру» аясында оқушыларға рухани-адамгершілік құндылықтарын, мәдениет және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.

Астана қаласы әкімнің айтуынша, арыз-шағым ішінде мектептердің шамадан тыс толық болуына қатысты екенін тілге тиек етті.

– Әріптестер, біз жақсы көрсеткіштерге ұмтылып қана қоймай, сапа жағын да ойлауымыз қажет. Бұл тұрғындардың арыз-шағымдары жұмыстарыңызда кемшіліктердің бар екенін көрсетеді, – деді қала әкімі.

Кеңес барысында инвестициялық жобалардың жүзеге асуын уақытылы қамтамасыз ету бойынша Астана әкімі орынбасарларына осы мәселені күн тәртібінде ұстауды тапсырды.

– Жоғарыда аталған бағдарламаларды іске асыру осы жылы аяқталады. Алдымызда аз ғана уақыт қалды. Ал біз әлі біраз шаруаларды бітіруіміз керек. Ең бастысы, бұлардың барлығы бүгінде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаға қатысты болып отыр, – деді Б.Сұлтанов.

Қаланың жүйелі проблемалар рейтингісінде қазіргі уақытта «жоғары» орында қардың тазалануы. Қыс мезгілі басталғаннан бері қардың уақытылы тазаланбауы бойынша тұрғындардан 6 мың шағым тіркелген.

Оның ішінде ең көбі, яғни 1707 шағым Есіл ауданына тиесілі, Алматы ауданы – 1569, одан кейін Сарыарқа ауданы – 1198 және Байқоңыр ауданынан 880 шағым түскен.

Бұдан әрі аудан әкімдері су тасқынына қарсы іс-шаралар барысы туралы, полиция департаментінің басшысы криминогенді жағдай бойынша, қолданылып жатқан шаралар және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ал қала ортасы сапасын бақылау басқармасының басшысы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша баяндады.

Б.Сұлтановтың айтуынша, ақпан айы «әлеуметтік мәселелердің айы болды». «Осыған орай қала тұрғындарынан әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштер өте көп түсуде. Тек осы жылдың басынан бері тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша iKomek орталығына 163 арыз-шағым түскен. Ақпараттандыру жұмысын қолға алу керек, әр үлескер өзінің тұрғын үйі бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және қайда хабарласуы керектігін білуі тиіс», деді ол. Бұдан әрі қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин Наурыз мерекесіне қаланы безендіру туралы баяндады. Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі бірқатар тапсырмалар берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here