Халықаралық мамандар Балқаш курорт аумағының даму жоспарын құрды. Оған негіз ретінде 93 гектар жерді алып жатқан жағалау аумағы таңдап алынды.
Ақтас маңындағы Бертіс және Қаракөл шығанақтарының аумағында тағы да 600 гектар жерде нысаналы мақсат өзгертілмек, саяжайлардың орнында туризм нысандары болады. Бұған қоса, кәсіпкерлер өз қаражаттарына Барковский ауданындағы демалыс аумақтарында су құбырлары мен кәріз жүйелерін өткізе бастады. Оны 2019 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
– Биыл Балқашта ұшу-қону жолағын қалыпқа келтіру басталды. Ол үшін 11 миллиард теңге инвестиция бөлінді. Жыл басынан бері үш миллион теңгеге жуық қаржы салынды. Бұл біздің қалаға тұрақты рейстердің көбеюіне және үлкен ұшақтардың ұшуына мүмкіндік тудырады, – дейді Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің жетекшісі Байзақ Әлмағанбетов.
Қазір көлдің жағалауында 500 адам сыйдыратын 9 демалыс орындары жұмыс істейді. Тағы 300-ге жуық адам сыйғызатын 6 нысан салу жоспарда бар. Бұл жобаларды іске асыруға 500 миллион теңге инвестицияланды. Бір демалыс орны Ақтас маңында пайда болады, ол үшін 2000 шаршы метр ауданы бар екі жер телімі бөлінген.
– Биылғы жылы көрсетілген туристік қызметтер 130 млн теңгені құрады. Қызмет көрсетілген туристер саны осы маусымда 14 мың адамнан асады, – деп түсіндірді Байзақ Әлмағанбетов.