Елжан Біртанов: «Денсаулық» бағдарламасын маңызды тармақтармен толықтырдық»

0
3052

«Денсаулық» бағдарламасы өз деңгейінде орындалып жатыр ма? Бағдарлама келер жылы аяқталарын ескерсек осы жобада баса көрсетілген міндеттер өз межесіне жетті ме?

Үкіметбасы Бақытжан Сағынтаевқа есеп берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы бағдарламаның орындалу барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бұдан бөлек, отандық медицинаның қазіргі мәселелеріне тоқталып, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру туралы баяндады.

«Қоғам көтеріп отырған денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын толықтыру үшін ұсынылған өзгерту жобасында көрініс тапты. Бұл өзгертулерді біз бүгін қарап, жүзеге асыруға мақұлдануын сұрап отырмыз», — деді Біртанов.

Бағдарлама ненің есебінен толықты? Оған қандай өзгерістер енді?

Біртановтың айтуынша, бағдарламаны жаңа талаптармен толықтырар алдында министрлік өкілдері әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде көтерілген медицина саласына қатысты сын-пікірлерді бір сүзіп шыққан.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласының түйткілді  тұстары Қоғамдық кеңестің отырыстарында да қаралған еді. Жиынға қатысқан Үкіметтік емес ұйымдардың отандық медицинаның ақсап тұрған атап көрсеткен болатын.

– Қоғамның пікірін електен өткізгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесінің негізгі 6 мәселесін іріктеп алдық.

Бұлар:

қызмет көрсету сапасы;

білікті мамандардың жетіспеуі;

дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтарды жаңарту;

ел ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат тарату;

денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы;

азаматтардың денсаулығының төмен деңгейі, – дейді министр.

Бағдарламаға қандай өзгеріс енгізіледі?

Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру қажеттігі – «Денсаулық» бағдарламасындағы басты талаптың бірі.

Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі ел пікірін есепке алып, бірқатар маңызды толықтыру енгізбекші.

Бұған дәлел – келер жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтып, жаңа аймақтар құрмақшы.

– Алғашқы медициналық көмек көрсетуді кешенді түрде дамытуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы алғашқы медициналық көмектің шағын нысандарын ашылатын болады. 2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түсетін жүктемені 1,700 адамға дейін азайту керек, – деді бұл орайда Е.Біртанов. ​

Отбасылық дәрігер түсінігі де бұдан былай кең қолданысқа ие болады.

Осы тәжірибені толыққанды дамыту үшін диспансерлеуді өлімнің 60%-дан астам себептерін айқындайтын ауруларды басқару бағдарламаларына өзгерту жүргізілмек екен.

Министрдің атап өткеніндей, 2020 жылға қарай ауруларды басқару бағдарламаларымен (артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі) үш ауруы бар, есепте тұрған пациенттерді қамту 11%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылатын болады.

Жергілікті атқарушы органдар өз кезегінде өңірдегі барша дәрігерлер мен мейіргерлерге аталған бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай оқыту өткізуі қажет.

Ана мен бала өлімін азайтуға ерекше көңіл бөлінеді

«Денсаулық» сақтау бағдарламасы аясында қауіпсіз босандыруға және ана өлімін төмендетуге бағытталған шаралар жүргізілмек.

Мемлекеттік бағдарламада дәрігерлердің біліктілігін одан әрі арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтармен және анестезиолог-реаниматологтармен жасақтауды 95 пайызға дейін жеткізу көзделген екен.

Біртановтың айтуынша, бұл іске тек министрлік емес, жергілікті әкімдіктер де қол ұшын созып, жұмылғаны жөн. Әкімдіктер барлық қажетті мамандарды жалдап, бекітуі, сондай-ақ барлық жүкті әйелдерді уақытылы есепке алуды және динамикалық бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

– Желі нормативіне сәйкес монобейінді ауруханалардың көпбейінді ауруханалармен, оның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерінің интеграциясын қамтамасыз ету қажет.

Медициналық ұйымдарды медициналық жабдықпен жарақтандырудың ең төмен стандарттарына сәйкес толық жабдықтау қажет.

Жергілікті атқарушы органдар жедел көмек пен ауруханалардың барлық қызметкерлерін оқытуды қамтамасыз етіп, бекітілген стандартты енгізуі қажет», — деді бұл ретте ведомство басшысы.

Медицинаны цифрландыру қалай жүзеге аспақ?

Денсаулық сақтау саласын қағазбастылықтан арылту мәселесі де министр назарында екен.

– Құжат айналымында орынсыз бюрократияға жол берілмейді. Цифрландыруға толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін жүйелейтін боламын. Бұл медицина қызметкерлеріне өзіне жүктелетін шамадан тыс жұмысты төмендетуге септесетін болады, – дейді Елжан Біртанов.

Медициналық жабдықты жаңарту аясында Ұлттық медициналық техника базасын құру көзделген. Бұған сәйкес арнайы Қор да құрылған. Қазір мұнда 100, 5 млрд теңге жинақталды.

Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жыл өткен сайын қарқын алмақ.

– Бұл мақсатта барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап саладағы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуді; жергілікті электрондық денсаулық паспорттарын ұлттық денсаулық паспорттарымен үйлестіруді жоспарлап отырмыз. Біздің дерекке сәйкес, бүгінгі күні 10 млн халықтың электрондық денсаулық паспорттары бар.

2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электрондық денсаулық паспорттары болады, – дейді Елжан Біртанов.

 

Басты мақсат – өмір сүру ұзақтығын арттыру

Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі шаралар жоспары бекітілген еді.

Жоспардың негізгі бағыттары – жыл сайынғы бюджеті 2,3 млрд теңге болатын салауатты өмір салтын насихаттау және 10–12 млн халықты қамту. Насихаттау шеңберінде қантты, тұзды, темекіні, алкогольді пайдалануды қысқарту секілді ережелер қамтылады.

Қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі басқа шаралар 11,5 млн дейін халықты қамтитын профилактикалық қарап-тексерулерді жүргізудің тиімділігін арттыруды қамтиды.

Осылайша, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жаңа редакциясында «Өмір сүру ұзақтығының күтілетін деңгейі» және «Халықтың қанағаттану деңгейі» индикаторларын арттыру жағына қарай қайта қаралған.

БҰҰ Даму бағдарламасының әдіснамасын ескере отырып, «Денсаулық индексі» индикаторы қайта қаралды. Сондай-ақ денсаулық көрсеткіштерінің 3-еуі алынып, 6-сы енгізілді. 24 жаңа іс-шара қосылды.

Елжан Біртанов жергілікті атқарушы органдар басшыларының бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша жауапкершілігін арттыру қажет екенін атап өтті.  Өңірлерде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру жөніндегі өңірлік жобалау офистерін құру қажет.

 

Тимур МҰРАТОВ, Астана қаласы жедел медициналық көмек станциясының бас дәрігері:

«Жас маманды ынталандыру керек» 

– «Денсаулық» бағдарламасын жаңа талаптармен толықтыру осы саладағы күрмеуі көп мәселелерді шешуге оң ықпал етеді деп сенемін. Кез келген саланың тұтқасы – білікті кадрлар. Білікті мамандар жұмыс істейтін мекеменің тасы өрге домалайды. Бұл медицина саласына да қатысты. Бұл үшін маманға лайықты жағдай жасау қажет. Әсіресе, көрсем, білсем деген ұмтылысы бар жас мамандардың талабын ұштау үшін оларды әлеуметтік жағынан қолдау маңызды.

Бұл тек Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті емес. Бұл іске жергілікті әкімдіктер де араласып, медицина саласындағы жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді жауапкершілігіне алуы қажет.

Министрліктің «Денсаулық» бағдарламасын осындай талаптармен толықтырғаны дұрыс болды.

Алыс мекендерді білікті кадрлармен қамтамасыз етудің, оларды белгілі бір медициналық мекемеде тұрақтатудың ең тиімді әдісі – осы. Медицина саласын дамытқымыз келсе, осы салада еңбек ететін мамандарды әрдайым ынталандырып отырғанымыз жөн.

Денсаулық сақтау министрі еліміздегі 10 мыңнан аса учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикенің жалақысы жаңа әдістерді меңгеру деңгейіне қарай келесі жылдың соңына дейін өсетінін айтқан екен. Бұл – жақсы үрдіс. Ынталандыру мен ізденісті қатар ұштастырсақ медицина саласындағы білікті мамандардың саны арта түсетін болады.

«Денсаулық» бағдарламасындағы басты міндеттің бірі – жедел медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту.

 

 

Нұржан Отарбаев, «Республикалық санитарлық авиация орталығы» директоры:

«Санитарлық авиацияны дамыту – заман талабы»


Санитарлық авиация – жедел медициналық көмек көрсету желісінің ажырамас бөлігі.

2016-2017 жылда Республикалық санитарлық авиация орталығы өкілдері 2192 рет көкке көтеріліп, 2691 сырқатқа медициналық көмек жасалды және 2700 медициналық қызмет жүзеге асырылды. Оның ішінде: 2143 науқас тасымалданды, жүзбе-жүз кеңес берулер – 433, қажет кезінде ота жасау – 124.
Жылдам көмек көрсету үдерісі келесі бағыттардан тұрады: оқиға орнында медициналық жәрдем жасау, пациентті жедел тасымалдау және әрі стационардың қабылдау бөлімінде білікті медициналық көмек көрсету.

«Денсаулық» бағдарламасы аясында жедел медициналық көмек қызметі жаңғыртылды, бұған санитарлық авиация да кіріктірілді.

Жаңғырту қадамдары аясында жедел медициналық қызмет құрылымы мен басты тармақтары қайта қаралып, авиациялық және санитарлық көлікті жаңартуға, оны медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, қазіргі заманғы технологияларды енгізуге қатысты бірқатар шаралар мен жобалар жасадық.

Атап айтсам, бұлар бірыңғай ақпараттық жүйе және шұғыл телемедицина, медициналық персоналды халықаралық стандарттарға сай оқыту және де көлік медицинасы бойынша халықаралық стандарттарды іске қосу.

Аталған мәселелерді шешуге қол жеткізу арқылы мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығы сақталып, халықтың шұғыл медициналық көмек сапасына қолжетімділігі артатын болады.

 

«Қала мен Дала» анықтамасы:

«Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін 2019 жылдан бастап медициналық ЖОО-ларға және колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі;

ЖОО-лар мен колледждердің түлектерін міндетті тәуелсіз бағалау заңды түрде бекітіледі.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті пилоттық қадағалау жүйесін енгізу жоспарлануда.

2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецептілік препараттарды электрондық босатуға толық өту қамтамасыз етілетін болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here