Күй атасы

0
3891

Күй ұлтымыздың үні мен сөзі болған. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Кемелдену мұраға мұқият қараудан басталады» атты еңбегінде:

«Бізде адамзат меншігіне айналған рухани қазыналар баршылық. Сондай әлемдік туындының қатарына Құрманғазы бабамыздың күйлері жатады.

Халқымыздың тарихи, өміршең музыкалық мұралары туралы айтқанда даңқты бабамыз Құрманғазыға соқпай өте алмаймыз.

Құрманғазының күйлерін өз елімізде ғана емес, шет елдерде де насихаттамай, әлемдік өркениеттің көшіне ілесу қиын» – деп жазғаны есімізде.

Қазір еліміздің көптеген өңірлерінде – Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына байланысты ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Ұлттық мұрамызды әлемге таныстырған ұлы күйші, композиторға арналған іс-шаралар жыл аяғына дейін жалғасады.

Ұлт мәдениетінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік деңгейге шығарған ұлы өнер иесінің мұрасын ұлықтау бүгінгі ұрпаққа парыз.

 

Нұрғиса ДӘУЕШОВ, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің директоры:

«Күй өнері қазақтың киесі мен қасиетін сақтап қалды»

– Құрманғазының 200 жылдығын тойлау еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп жатыр. Бұл тамаша бастама.

Біле білсеңіз, біз ұлы халықпыз. Қазақтың қара домбырасы мен қобызын қазақтан артық ешкім түсіне алмайды, сезініп ойнай алмайды.

Әлі есімде бірде танымал профессор апамыз: «Нұрғиса, сен қазақтың неге ұлы екенін білесің бе? ХVІІІ-ХІХ ғасырда күмбірлеген күйдің қоңыр үні әрбір қазақтың шаңырағында естіліп тұрушы еді. Міне, сол үн қазақтың киесі мен қасиетін сақтап қалды» –  деп айтқан-тұғын.

Қазақтың күй өнері тарихында Құрманғазы бабамыздың алар орны ерекше. Төкпе күй дәстүрінің тамаша жетістіктері ең алдымен Құрманғазының есімімен байланысты.

Бабаларымыз «күй атасы Құрманғазы» деп бекерге айтпаған. Бұл бірінші кезекте – Құрманғазының қазақтың ұлттық музыка мәдениетіне қосқан зор үлесінің айғағы.

Құрманғазы дәстүрлі домбыра өнерін көптеген жаңа жетістіктерге жеткізді, жанрлық, мазмұндық-бейнелік шеңберін кеңейтті, жаңа тәсілдер енгізіп орындаушылық дәрежесін көтерді.

Дәл Құрманғазыдай музыкалық мұрасы өте бай күйшілер қазақта санаулы ғана.

Оның шығармашылығында дәстүрлі домбыра жанрларының барлығы өз көрінісін тапқан. Кейбір күйлерінің аңызында немесе шығу тарихында күйшінің өмірінде болған оқиғалар баяндалады.

Мінекей, соларға қарап Құрманғазының өмірбаянын нақтылауға болады.

Күйші бабамыздың күйді орындау стилі де ерекше еді.

Солардың бірі – күйдің екінші (үлкен) сағасы. Күйдің бұндай шарықтау шегін Құрманғазыға дейін және онымен қатар өмір сүрген басқа күйшілер де қолданған, бірақ үлкен саға деңгейі Құрманғазының шығармаларында ғана күйдің жеке бөлімі ретінде қалыптасты.

Едіге НӘБИЕВ, танымал күйші, домбыра жасаушы шебер:

«Құрманғазыдай алыптың туған күнін бес жыл атап өтсек те артық емес»

– Құрманғазының күйлері қазақ музыкасының тарихынан ойып тұрып орын алды.

Мойындауымыз керек қазіргі күні Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей сияқты бойыңды шымырлатып күй шығаратын дарындар санаулы ғана.

Құрманғазының ізін басып келе жатқан шәкірттері деп Рысбай, Сержан, Қаршыға ағаларымызды, Шәміл Әбілтаевты атай аламын. Бұлар шынымен де тума таланттар, тарландар еді. Дәл қазір қазаққа мықты күйшілер керек.

Биыл күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толып отыр.

Бұл ретте маған «Құрманғазы күйлері қазіргі заман көшінде қаншалықты өзгерді?» деген сауалды жиі қояды. Өзгерген жоқ. Өзектілігі өлген жоқ. Құндылығын жоғалтқан жоқ.

ЮНЕСКО шешімі бойынша қазақтың домбырасы мен күй өнері адамзат баласының материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгенін білетін боларсыздар. Бұл да тегін емес. Өйткені домбыраның көмейінен төгілген күй – тұтас тарих.

Ал Құрманғазыдай алыптың туған күнін бір жыл емес, бес жыл атап өтсек те артық емес. Себебі ол – күллі қазақтың Құрманғазысы. Нарын құмында туып-өскен. Жеделқұм – Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысына ортақ құм.

Біле білсеңіз, бұл арада қаншама тарих жатыр. Мұнда Құрманғазы, Дина өнерін асқақтатқан, Исатай мен Махамбет көтерілісі болған Тастөбе де бар.

Әйгілі күйшіге топырақ бұйырған орын – «Құрманғазы төбесі» аталған, бұрынғы «Шайтани батага», Ресейдің Астрахань облысындағы жер.

Ілгерідегі сөзімді толықтыра кетейін.

Биыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Құрманғазының 200 жылдығы тойлануда. Оның туған күнін екі рет тойласақ та, биылдан бастап 2023-ке дейін бес жыл тойласақ та ұтылмаймыз.

Құрманғазының күйлерін білмейтін қазақ жоқ. Аxмет Жұбанов, Исатай Кенжалиев, Жолдановтар секілді ағаларымыздың арқасында күй атасының мол мұрасын сақтап қалдық, енді оны әрі қарай да жаңғырту маңызды.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты:

«Әр заман өз алыбын тудырады»

– Мен жыл басынан айтып келемін. Құрманғазыдай бабамыз бір ғана аймақтың перзенті емес. Алты Алашқа ортақ, қазақтың ғана емес, адам мәдениетінің арғы-бергі тарихында өшпес із қалдырған аңыз адам.

Сондықтан да Құрманғазының 200 жылдығын атап өту әйгілі күйшіні ғана ұлықтау емес. Осыны түсінуіміз керек.

Күй мен Құрманғазының есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым. Сондықтан да қазақтың төл өнерін ел ішімен ғана шектемей, әлем елдеріне кеңінен насихаттауды мақсат тұтқанымыз жөн.

Құрманғазын мұрасын насихаттауды еліміздің барлық аймағында өткізумен қатар шет елдерде, соның ішінде ТМД елдерінде кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізген дұрыс деп білемін.

Атап айтсам, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік сапарларын ұйымдастыруға әбден болады. Соның ішінде әйгілі күйшінің денесі жерленген Ресейдің Астрахань облысында арнайы концерттер өткізсек артық емес.

Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдар мен парламентаралық байланыс алаңдарын пайдалану арқылы қазақ күй өнері мен күйші өмірін таныстыру, халықаралық, республикалық деңгейде байқаулар өткізу, күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру Құрманғазының 200 жылдығына арналған тамаша тарту болар еді.

 

Айтжан ТОҚТАҒАН, күйші-ұстаз, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері:

«Құрманғазы күйлерінің құдіреті неде екенін білесіз бе?»

– Құрманғазы бабамыздың күй өнеріне енгізген жаңалығы өте көп. Соның бірі – екі әуеннен тұратын күй құрылымы.

Екі әуен дегеніміз не? Бұл күйдің бас буыны мен орта буын бөліміндегі әуендердің әуезі жағынан бір-біріне тең болып, шығарманың даму барысында алма-кезек жүріп отыратын құрылымы.

Төкпе күйдің құдіреті осында жатыр.

Екі әуеннен (музыкалық тақырыптан) тұратын күйлер қатарына «Ақбай», «Алатау», «Кісен ашқан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлерді жатқызуға болады.

Күй атасы кейбір туындыларында тіпті төкпе күйдің дәстүрінде болмаған жаңа әдістерді қолданған. «Кішкентай», «Серпер» «Бұлбұл» күйлері соның дәлелі.

Жалпы алғанда, Құрманғазының музыкасы жігерлі, қайсар мінезімен, даму барысының белсенділігімен, жарқын мазмұндылығымен ерекшеленеді.

Құрманғазының мұрасын біздің дәуірімізге өзі тәрбиелеген шәкірттері – Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова, Уахап Қабиғожин, Қали Жантілеуов жеткізді.

Құрманғазы күйлерінің құндылығы жоғалған жоқ, жоғалмайды да. Өнер ордаларында домбырашыларды даярлау бағдарламалары Құрманғазының жеке орындаушылық-шығармашылық дәстүрі бойынша жүзеге асады.

Дәл қазіргі бір мәселе – Құрманғазы өнерінің зерттелуі. Қазақ халқы оның музыкасын сүйеді, мәңгі өлмес өнерін құрметтейді. Құрманғазының есімі халық аспаптар оркестріне, Қазақ ұлттық консерваториясына, өнер колледждері мен музыка мектептеріне, көптеген қала көшелеріне берілген.

Еліміздің бас қаласы Астанада композитордың еңселі ескерткіші орнатылды. Халқымыздың күй мұрасындағы гимніне айналған Құрманғазының «Сарыарқасы» ЮНЕСКО-ның алтын қорына енді.

Құрманғазы туған халқының есінде мәңгі қала бермек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрманғазысыз Қазақстанның мәдениеті, Қазақстанның музыка өнері, Қазақстанның бүкіл болашағын көзге елестету мүмкін емес еді.

Сондықтан тағзым етіп отырған бабамыз шыр етіп жерге түскен әрбір қазаққа туғанынан мәлім. Әрбір қазақстандыққа белгілі.

Қиын-қыстау заманда тәуелсіздігіміздің туын көтеріп жатқан кезде, болашаққа сеніммен бүкіл ұрпақ жұмыс істеп жатқан кезде, біздің барлығымызды ұлы бабамыз Құрманғазының аруағы желеп-жебеп жүрсін деймін.

 

Сіз білесіз бе?

Музыка зерттеушілері Құрманғазы жалпы 300-ден аса күй шығарған, тек соның 60-қа жуығы осы заманға жеткен дейді.

Бізде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы секілді ірі өнер мекемелері бар.

Әр күйі тарих

Құрманғазының әйгілі «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйі жайында мынадай әңгіме бар. Құрманғазы түрмеден қашып шығып, үйіне келіп, енді ғана анасы Алқаға маңдайын иіскетіп, сағынышын басып тұрғанда сол бойда қуғыншылар жетіп келіп, күйшіні тұтқындаған көрінеді.

Жасауылдар қолына кісен салып әкетіп бара жатқанда, тым құрыса бір күн анасының жанында болуға мұрсат бермеген тағдырға налып, шарасыздықтан Құрманғазының көзінен жас шығып кетсе керек.

Сонда қайсар ана баласының жағынан тартып жіберіп: «Менің ұлым ер деп жүрсем, ез бе едің? Дұшпаныңның алдында көзіңнің жасын көрсетпе!», – депті.

Осылайша рух берген анасына риза болған күйші «Аман, бол, шешем аман бол… аман бол, шешем, аман бол…» деп тоқтаусыз ыңылдап бара жатыпты. Кейін осы бір ауыз сөз бүкіл күйдің бойында тоқтаусыз қайталанып, ерекше пішінді күй өмірге келген деседі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here