Қазақстан Президенті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қазіргі қызметі және мемлекеттік бағдарламалардың аудиті, сондай-ақ өңірлердегі тексеру комиссияларына көрсетіліп жатқан әдістемелік қолдау жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев бюджет қаржысын тиімді игеруді және оның қолды болуына жол бермеуді қамтамасыз ету ісіндегі Есеп комитетінің маңызды рөлін атап өтті.
– Есеп комитеті – мемлекет қаржысының орынды игерілуін және бюджеттің атқарылуын тәуелсіз бағалауды қамтамасыз ететін маңызды орган. Қаражат тек көзделген мақсатқа бөлінуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Н.Годунова «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік аудит жүйесін әлемдік стандарттарға сай жаңғыртудың барысы жөнінде баяндады.
– Қазіргі уақытта Есеп комитеті өз жұмысында қаржыға қатысты құқықбұзушылық фактілерін анықтау тәжірибесінен гөрі тиімділікті бағалауға басты мән беріп отыр. Біз қаржылық құқықбұзушылыққа негіз болатын себептерді анықтау ісінде аудит нысандарына қолдау көрсетеміз және тиісті ұсынымдар береміз, – деді Есеп комитетінің төрайымы.
Сонымен қатар Н.Годунова Қазақстан Президентіне мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына аудит жүргізу және республикалық бюджетті жоспарлау кезінде алдын ала бағалау жөнінде баяндады.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.