Жазалау емес, түзету маңызды

0
609

Бүгінгі заман талабына сай қылмыстық жазаларды ізгілендіріп, кішігірім әрі жеңіл қылмыс жасаған адамдарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді уақыттың өзі күн тәртібіне қоюда. Аталған бағытта тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, еліміз бойынша елеулі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қазіргі кезге дейін көбіне тек «жазалау» принципіне негізделіп, өз үстемдігін жүргізіп келген тым қатал заңдар мен қатаң жазалар ізгілендіріліп, қоғамымыздың басты байлығы – адам құқықтары мен бостандықтары алдыңғы орынға шыға бастады.

Қазіргі Қазақстандағы құқықтық жүйенің гуманизациялануының бір көрінісі ретінде пробация қызметін ерекше атап өтуге болады. Қоғамнан оқшаулауға байланыссыз қылмыстық жазаларды кеңінен қолдануға заңдық-құқықтық негіздер қалыптасқан. Бұл – мемлекетіміздің абайсызда қылмысқа ұрынып, жаза басқан азаматтарға деген деген қамқорлығы, олардың түзелу жолына түсіп, қазақстандық қоғамның бір бөлшегіне айналады деген берік сенімі деп білуіміз керек.

Пробация қызметі – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі. Пробацияның мақсаты – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады. Пробацияның міндеттері – пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың заңмен айқындалған түрлерін орындау, бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, шартты түрде сотталғандарға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға бақылау жасауды жүзеге асыру, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталған адамды босатуға дайындауға қатысу.

Қашанда заң үстемдік құрған мемлекетте ғана бірлік пен береке, тыныштық пен ынтымақ болатыны белгілі. Бұл ретте құқықтық салада оң өзгерістерге қадам басып отырған Қазақстан Мемлекет басшысының қылмыстық саланы ізгілендіру туралы тапсырмасын орындау барысында «жазалау емес, түзету маңызды» деген принципті ұстанып келеді. Қандай да бір жазаның мақсаты қылмыскерді қоғамнан аластатып, оны құртып-жою емес. Басты мақсат сотталушыны түзеу, өзге де қылмыстардың алдын алу, адамдардың ой-санасына оң ықпал жасап, азаматтардың қылмысқа бармауына барынша ықпал етіп, қоғамның құқықтың сауаттын арттыру. Ал пробациялық қызмет – аталған іс-шараларды ізгі бағытта іске асыратын тетіктің бірі.

Жамал ШӘКІРБАЕВА

 Алматы қаласы, Әуезов аудандық пробация қызметі бастығының орынбасары, әділет майоры.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here