Ұлы Отан соғысының ардагері,
Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл
Қырғын адам танкінің табанында тапталып, қаңғыған оқтың құрбаны болған адамзат тарихындағы ең сойқан соғыстың аяқталғанына 73 жыл толыпты биыл. Иә, аз уақыт емес. Соғыстың шет-жағасын көрген аға буынның қатары селдіреп барады. Қан майданның ортасында от кешкен жауынгерлердің ерлігі ұмытылған жоқ, бірақ. Ұмытылмайды да.
Гитлер империясының күйреуіне қазақтар да орасан зор үлес қосты. Шайқас алаңдарында өшпес ерлік жасағаны үшін 500-ге тарта қазақ жауынгері Кеңес Одағының батыры атанған екен. 100-ден аса адам Даңқ орденін иеленген. Иә, рас. Марапаттан шет қалған қаншама қазақ бар.
Біз аты аңызға айналған батыр, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті сөз етпекпіз. Рас, басы ноқтаға сыймай өтті. Тік мінезі мен өр мінезінен айнымай өтті осы өмірден.
Ол
Қазақстанның Халық қаһарманы, әйгілі партизан әрі қаламгер Қасым Қайсенов 1918 жылғы сәуірдің 23-інде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында өмір есігін ашты.
1934 жылы мектеп бітірген соң Өскемендегі саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жөнелтіледі.
41-жыл…
1941 жылы Мәскеу қаласында арнайы барлаушылар мектебінде соғыс дәрісінен өткесін, Қасым Қайсенов дұшпанның қолында қалған Украинаға аттанады.
Фашистер жайпап тастаған жерге ұшақпен келіп түседі Қасым. Орыс-украиндер оның атын атауға тілі келмегесін алғашқы сәттен-ақ «Василий, Вася» деп атап кеткен.
Біле білсеңіз, ол тұстары Украина жеріне аттану ажал апанына барумен тең еді. Кеңес әскерінің сапындағы көп ұлттар бұдан бұрын қазақ деген ұлтты көрмек тұрмақ, атын естімеген болып шығады.
Міне, осыншама ұлттың арасында жалғыз өзі жай оғындай жарқылдап, Қасым Қайсеновке соғыстағы «сәбет жауынгерлері» қайран қалысады.
Партизан
Бұл – шындық. Қайсеновтің соғыс кезіндегі дұшпанның тылында көрсеткен ерліктері Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихында мәңгі сақталмақ.
Кеңес әскерінің жеңісіне партизан жасақтары аз үлес қосқан жоқ.
Кейде жиырма, кейде қырықтан топтанып алып, үлкен-үлкен жорықтарға аттанып, аз күнде мың қаралы қосын ертіп алып, көбейіп қайта оралып отырған екен. Қайсеновтің кейде қасына жалғыз ғана серігін ертіп, жарты ай ішінде бес жүз болып шыға келетін кездері де аз болмаған.
Соғыс басталған жылдардан оның аяғына дейін Қасым Қайсенов Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.
Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді.
1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан.
Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс» деп айтқан. Бұл оның қайсарлығына қайран қалғаннан айтылған сөз еді.
Айтпақшы, Қасым Қайсенов осы туралы бір сөзінде:
«Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек Вася деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп, іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан. Вот, солай!», – деп айтқан болатын.
Сіз білесіз бе?
Ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Иә, солай.
Соғыс аяқталып, тұтас КСРО, Еуропа фашистерден азат етілгеннен кейін Қасым Қайсенов отанына оралды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы аппаратын басқарды, бұдан соң Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде қызмет істеді.
Ал сіз оның шығармаларымен таныссыз ба?
Қасым Қайсеновтің қаламұшынан «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында» деп аталатын аңыз кітаптары өмірге келді.
Тағдырластар
Иә, ерлік ұмытылмайды. Ұмытылмауы керек. Әзірде Өскемен қаласында аңыз адамның құрметіне арналып ескерткіш орнатылған.
Қасым Қайсеновтің ішкі жан дүниесі, биік рухани келбеті ол кісінің замандастарының, қаламдастарының жазбаларында талай рет айшықталып қағазға түскен.
Соның бірін мысалға келтірсек. Әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов өз естелігінде Қасым Қайсенов туралы былай деген екен:
«Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде әркім әртүрлі бөлімдерде болып, неміс-фашистеріне қарсы күресті. Біреу танкист, біреу ұшқыш, біреу артиллерист болды. Енді біреулер жаяу әскер қатарында жаумен айқасты.
Қасым Қайсеновтің үлесіне партизандық тиді. Ол алғашында Чапаев атындағы 8-партизан құрамасында №3 отрядтың командирі болып, Украина жерінде жауға желке жағынан соққы берді.
Соғыс кезінде қалыпты әскердегі біздерді ел қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ұрыста сиреген қатарымызды да халық толтырды. Елдегі туыстарымыздан, сүйген жар, сүйікті қыздардан үнемі хаттар алып тұрдық. Осының бәрі бізге күш-қуат берді. Ал майданның сырт жағындағы партизандарда мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ.
Олар «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» дегендей, ордалы жыланның ортасында, фашистердің қоршауында жүріп, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Жау сыртына барып түскен 23 жастағы Қасекең осындай күйде жүріп, партизан отрядын ұйымдастырды.
Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес одағының Батыры атағы берілді.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де Халық қаһарманы атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді.
Ол өзінің соңғы сағатына дейін тәуелсіз мемлекетінің тынысын жырлаумен өтті. Еліміздегі елеулі оқиғаларға газет арқылы үздіксіз үн қосып отырды. Жеңістерге қуанды, кемістіктерге ренжіді. Бәрін ашық айтып отырды».
Тарихи шындық
Ілгеріде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік көрсеткен жүздеген, мыңдаған қазақтың марапаттан шет қалғанын айттық. Тәуелсіздіктің арқасында тарихи әділдік орнады ақыры.
Ең бірінші кезекте Қайсеновтің майдан даласындағы ерлігін елге паш ететін «Қасым» атты көп сериалы фильм түсірілді. Осы фильмде партизан Қасымның ерліктері мен өзі жетекшілік еткен отряд қозғалысы кеңінен баяндалған.
Мұны да айттық. Батырдың өмірі украин жерімен тығыз байланысты. Өйткені Қайсенов пен оның басқаруындағы Чапаев атындағы партизан отряды жауынгерге тән қайтпас қайсарлығы мен ұмытылмас ерліктерін осы мекенде көрсетті.
Осы фильмді түсіруге ұйытқы болған азаматтардың бірі, танымал телемаман Арман Шораевтың былай деген бар: «Біз Ұлы Жеңіске үлкен үлес қостық. Мен өзім ресейлік сериалдарды көрген кезде, өзбек, қырғыздарды жиі байқаймын. Ал қазақ туралы ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы «Қасым» атты фильмді түсіру арқылы біз тарихи әділдікті орнатып отырмыз», – деп ойын ортаға салған еді. Бұдан артық қандай шындық керек?!
Ер есімі – ел есінде
Әйгілі батыр Қасым Қайсенов 2006 жылы 89 жасқа қарағанда дүние салды. Ол тек жауынгер ғана емес, көрнекті қаламгер ретінде елдің есінде қалды. Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы алғашқылардың бірі болып берілді. Осылайша, бүгінгі ұрпақ батырдың есімін ұлықтап, өнеге тұтып келеді.
Елі сүйген батырды Елбасы да ерекше құрметтеп, өзінің 1995 жылғы 9 мамырдағы арнайы жарлығымен Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағын беріп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесіне өз қолымен «Алтын жұлдызды» қадады.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайық өзінің «Ақиқат пен аңыз» атты романында батыр Қасым Қайсеновті халқы қалай құрметтегенін былай деп суреттейді:
… Айтпақшы, партизан Қасым Қайсенов келіп кетті. Саған да сәлем айтты.
– Сәлемет болсын. Карантин ғой, қалай кірді екен?
– Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да, сып етіп аурухананың ауласына кірдім. Полковник ағам ауырып, арыстай боп ауруханада жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне дейді.
– Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзінді сотқа берсе қайтесің? –дедім оған. Ол аурухананың ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.
– Жок, Бауке, оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың тас-талқанын шығарып, совет азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап, бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып жүреді, – деп айқара кұшақтап, екі бетімнен кезек сүйіп жатыр. – Өзіңді арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге? – дейді тағы да. Қасымға не дерсің, ракмет, айналайын деп маңдайынан сүйдім. Ол жоғарыға көтеріліп, сенің де көңіліңді сұрамақ еді. Бірақ төмендегі сестралар шуылдап, жібермеді. Содан кейін: «Әй, Қасым, қойғын. Бұл саған Украинаның орманы емес», – деп қайтарып жібердім.
Партизан жазушы Қасым Қайсеновтің бұл қылығына мен қатты тебіреніп қалдым. Өйткені осы кішкентай деталь маған көп нәрсені баяндап тұрғандай болды. Қасым кешегі ел басына күн туған ауыр шақта етігімен су кешкен ерлердің бірі. Ол украин партизандарының ортасында от ішінде отряд бастап жүрді. Отанның азаттығы үшін өз басын өлімге байлап, өжеттігімен, ерлігімен талай ауыр тапсырмаларды абыроймен орындады. Енді сол ардагер азамат арсаландап арамызда жүр. Қасымның менімен қарым-қатынасы жоқ адам, айтқан сәлеміне рақмет. Ал оның Баукенді бұлай іздеп келуі екінің бірінің қолынан келмейтін жайт. Кейбір ағайындарың ауырып жатқанында есік ашық тұрса да бас сұкпайды. Ал Қасым болса аурухананың қабырғасын қақыратып кіріп, ағасын аймалап бетінен сүйген. Бұл да бір өзінше ерлік іспеттес іс екен. Ағаны ардақтаудың, азаматты қадірлеудің адамгершілік үлгісі осындай болар. Ерді ер, батырды батыр осылай құрметтейтін шығар деп ойладым мен…».
Иә, ерлік ұмытылмайды. Ер есімі – ел есінде.