Әшімбаев пен Нығматулин депутаттардың не істеп жүргенін айтты

0
884

Белгілі қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожин депутаттардың жазғы каникул кезінде немен айналысып жүргенін анықтау мақсатында ұйымдастырған мониторингі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыдан кейін ҚР Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев сенаторлардың не істеп, не қойып жатқаны жайында Фейсбуктағы парақшасында түсініктеме берді. Ал оның ізін ала Мәжілістің Төрағасы Нұрлан Нығматулин де Мәжіліс депутаттары жазғы каникул кезінде шетелде демалып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарып, ойын ортаға салды.

«Парламенттік каникул» тек демалыстан тұрмайды

Сенаттың Спикері өзінің Фейсбуктағы парақшасында Сенат депутаттарының каникул кезінде не істеп жүргенін айтып, есеп берді.   

– Еліміздегі азаматтық белсенді топ өкілдері әлеуметтік желіде парламенттік каникул кезінде депутаттардың нендей мәселемен айналысып жүргені жайында мониторинг ұйымдастырғанынан хабардармын.

Сенаттың Спикері ретінде өз ойымды білдіргенді жөн санадым. Дәл қазіргі уақытта сенаторлар өзінің аймақтары мен елордада жұмыстарын жалғастыруда. Бірқатар әріптестеріміздің өкілеттілігі аяқталып, алдағы Сенат депутаттарын сайлау ісімен айналысуда.

Енді бір сенаторлар ел қатарлы коронавирус вирусын жұқтырып, емделуде. Вирус жұқтырған азаматтар мен әріптестерімнің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.

Өткен сессияда депутаттар Мемлекет басшысының пандемияға қарысы күрес шаралары мен ел экономикасын қалыпқа келтіруге қатысты бастамаларын іске асыру үшін заңнамалық негізді қалыптастырды. Нақтырақ айтсам, ел азаматтарының бірқатарын салықтан босатып, әлеуметтік төлемдер төлеуін тоқтатуды, дүние-мүлікке салынған салықтардың өсімдерін кешіруге мүмкіндік беретін заң нормалары әзірленді, – деп Мәулен Әшімбаев Сенат депутаттарының не істеп, не қойғандарын алға тартыпты.

Ал қоғам өкілдерінің жазғы каникул кезінде депутаттар не істеп жүр деген сұраққа қатысты ол былайша жауап қайырыпты.

– Дәстүрлі «Парламенттік каникул» сенаторлар үшін тек қана демалыстан тұрмайды. Қазіргі таңда әріптестеріміз Парламент қабырғасында жүрмесе де аймақтарда жұмыс істеп жатыр. Олар алдағы сессияда келіп түсетін заң жобаларымен танысып, жұмыс істеуде.

Иә, соңғы жағдайлар Сенат депутаттарының аудан-ауылдарға жоспарлаған жұмыс сапарларына кедергі келтірді. Сол себепті сенаторлар ел аралау жұмыстарынан бас тартты. Алдағы карантин режимі алынып, жағдай қалыпқа келгеннен кейін аймақтарға жоспарлаған жұмыстарды міндетті түрде жүзеге асыратын боламыз.

Бүгінде сенаторлар Мемлекет басшысы тапсырмаларының аймақтарда қалай жүзеге асып жатқанына бақылау жасауда. Депутаттар дәрі-дәрмек тапшылығы мен медициналық құрылғылардың жетіспей жатқанын жақсы біледі. Тіпті, олар осы мәселелердің оң шешілуіне өз үлестерін қосып та жатыр, – депті Мәулен Әшімбаев Фейсбуктағы парақшасында.

Бұдан кейін, Мәулен Әшімбаев сенатор Мұхтар Бахтиярұлы мен Ғұмар Дүйсенбаев аймақтардағы ауруханаларды аралап, істің оң бағытта шешілуіне ықпал еткенін, тіпті, өз қаражаттарын да аямағанын алға тартыпты.

Сонымен қатар Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сенатор Мұхтар Құл-Мұхамедтің дәрі-дәрмектерді қолдан жасаушыларға қарсы жазаны қатаңдату туралы Бас прокуратураға хат жазып, мәселе көтергенін де айтыпты.  Спикер жазбасының соңында сенаторлар коронавируспен күреске қаржы бөлгенін, онысын жұртқа жария етпегенін де тілге тиек етіпті.

Депутаттар шетелде демалып жатқан жоқ, бәрі елде

Ал төменгі палатаның жетекшісі Нұрлан Нығматулин өзі басшылық жасайтын депутаттар аймақтарда жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Сондай-ақ ол биыл депуттардың жазғы демалысын қалай өткізіп жатқаны пандемия кезінде жұрттың қызығушылығын оятқанын да атап өтті.

– «Парламенттік каникул» дегеннің аты болмаса, жазда депутаттар өз аймақтарына барып жұмыстарын жалғастырады. Биыл індетке байланысты мәжілісмендердің халықпен кездесуіне шектеу қойылғаны белгілі. Бірақ біздің алыс ауыл-аудандарға барып, ондағы жағдаймен танысу жұмыстарын жалғастырудамыз. Тек халықты жинап, жүздесу өткізбейміз.

Бүгінде депутаттар жергілікті жерлердегі мониторингтік топтармен бірге дәріханалар мен емханаларға барып қоғамдық бақылау жүргізуде. Бұдан басқа, аймақтарда дәрі-дәрмектің көлемі мен бағасын да назарда ұстап, індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге жағдай жасау мәселесіне де барынша көңіл бөліп отырғанын айтқым келеді.

Сонымен қатар депутаттар гуманитарлық көмектерді жеткізіп, тарату жұмыстарына, волонтерлік орталықтардың жұмысына белсене араласуда. Мұндай қиын кезеңде депутаттар да қарап жатқан жоқ. Елмен бірге қиындықты еңсеруге күш салып жатыр, – деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде төменгі палатаның Төрағасы депутаттардың не істеп, не қойып жатқанын Facebook жеке парақшасындағы жазбаларынан бақылауға болатынын айтты. Сонымен қатар ол депутаттардың түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысып жатқанын да алға тартты.

– Қазір әлеуметтік желіде «депутаттар шетелде демалып жатыр» деген қауесет әңгіме қызу талқыланып жатқанын көрдім. Тіпті, кейбіреулер бұл үшін чартерлік рейс ұйымдастырылды деген жалған ақпарат таратуда. Осы ретте бұл ақпараттардың шындыққа мүлде жанаспайтынын айтқым келеді. Мұндай қауесет әңгімелерге сенбеңіздер!

Барлық депутаттар елде, осындай қиын кезеңде ел азаматтарымен бірге індетпен күресуде. Тіпті, кейбір депутаттардың өзі вирус жұқтырып, ауырып қалды. Енді бірі ең жақын адамдарынан айырылып, қиындықпен бетпе бет келді. Бірақ әріптестеріміз осындай қиындыққа қарамастан, аймақтардағы жұмыстарын жалғастыруда, – деп Нұрлан Нығматулин әлеуметтік желіде таралған әңгімелерді жоққа шығарды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here