Таяуда ҚР Энергетика министрлігі еліміздің мұнай-газ саласындағы жаңа кәсіптер атласы жасалғанын мәлімдеді.
«Қазақстанның мұнай-газ саласындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеу болашақта сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларды анықтауға көмектеседі. Нарықтың негізгі қатысушылары үшін ақпараттық құндылығы бар қарапайым қолданбалы құралға айналады. Мысалы, жаңа кәсіп – smart-field жүйелерін әзірлеуші, ол көмірсутектерін өндіру көрсеткіштерін арттыру мақсатында мұнай қабатын басқаруға мүмкіндік беретін бағдарламалық және техникалық құралдар кешенін әзірлеуді көздейді. Бұл – мұнай-газ саласындағы тағы бір жаңа кәсіп «болашақ digital-технолог» кен орындарының өмірлік циклін басқаруды автоматтандырудан тұратын мұнай-газ секторының тренді» делінген хабарламада.
Атлас қазақстандық білім беру ұйымдарына (университеттер, колледждер) және мұнай-газ компанияларына жаңа білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттарды әзірлеу бойынша бірлескен қадамдарды жасауға мүмкіндік береді.
Тараптардың ынтымақтастығы трендтерді және олардың саладағы кәсіптердің трансформациясына әсерін анықтауға, таяудағы 10-15 жылға сұранысқа ие кәсіптер мен құзыреттерді анықтауға, сондай-ақ кадрларды даярлауға мүдделі саланың негізгі оқу орындары мен кәсіпорындарын көрсете отырып, жаңа кәсіптерді жергіліктендіру бағдарламасын айқындауға мүмкіндік береді.