Қазақстанда гендерлік саясат қалай қалыптасты?

0
2525

Бүгінде гендерлік саясат пен теңдік ел дамуының ажырмас бөлшегіне  айналды. Еліміз тәуелсіздігін алған күннен бері әйел азаматтардың қоғамдағы орнын айқындап, мемлекетімізді дамытуда ер-азаматтардан кем еңбек сіңірмейтінін біліп, әйел азаматтарға түрлі басшылық қызметтер сеніп тапсырылды.

Гендерлік теңдік мемлекет дамуының ұйытқысы

Дамуға бет алған кез келген гендерлік саясатты даму бағытының ажырамас бөлшегінің бірі санайды. Ер мен әйел өмірдің барлық салаларында теңдей қызмет етуі мемлекеттің әлеуметтік стратегияларының қарқынды дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін әлемдік қауымдастықтың тең дәрежелі әріптесіне айналып, Қазақстан көптеген елдермен ынтымақтастық орната бастады.

Дамыған Батыс елдерінде гендерлік саясаттың екі ұшын тең ұстаудың арқасында көптеген елдердің көптеген экономикалық табыстарға қол жеткізіп жатқанын көрдік. Осыдан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы өзінің дәстүрлі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында гендерлік саясат елімізде қолға алынған демократиялық реформалардың маңызды бөлігі екенін атап көрсетті.

Міне, содан бері Қазақстанда гендерлік саясат өркендеп, ер мен әйелдің тең құқықтық жағдайы мықтап орныға бастағанын білеміз. 

Кеңес заманындағы кемшілік

Бүгінде елімізде азаматтарды жынысына, тегіне қарап ешкім алаламайды. Ең бастысы, қабілет қарымы мен кәсіби біліктілігін басшылыққа алады. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, бүгінде аяғына нық тұрған гендерлік саясат  ел дамуының негізгі өзегіне айналып отырғаны белгілі.

Кеңес заманында адамдарды таптық жікке бөліп қарастырған идеология гендерлік саясатқа тиісті деңгейде назар аударған жоқ.

Сол кезде жас қыздарды ер-азаматтармен бірге ауыр жұмыстарға жегіп, трактор айдатып, денсаулықтарына біраз нұқсан келтіргені жасырын емес. Әңгіменің ашығын айтсақ, әміршіл-әкімшіл жүйе азаматтарға еңбек күші ретінде қарады. Бұл қате саясат болғаны анық.

Ал бұл уақытта әлемде әйел азаматтарды қорғау мен гендерлік саясатты нығайтуға қатысты тұтас концепция қалыптасқан еді.

Әлемдік тәжірибе алға бастайды

Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін гендерлік саясатты әлемдік стандарттарға сай жүргізуге күш салды. Бұл бағыттағы жұмыстар жемісін беріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне септігін тигізгенін атап айтуға болады.

Дамыған елдердің іс-тәжірибесіне сүйеніп, гендерлік саясатты жүргізу үшін Қазақстанның халықаралық актілерді қабылдап, түрлі ұйымдарға мүше болуы маңызды.

Қазақстан ең бірінші рет 1995 жылы Әйел азаматтардың жағдайын жақсартудың Бейжің тұғырнамасын қабылдаса, 1998 жылы еліміз БҰҰ-ның әйелдерге қатысты барлық кемсітушілікті жою туралы Конвенцияға қосылғанын білеміз. Осыдан кейін еліміз көптеген өзге де құжаттар мен келісімдерге қол қойып, гендерлік саясатты дамытуға бел буып, білек сыбана кірісті.

Қазіргі таңда елімізде қоғамдық өміріміздің барлық саласында гендерлік теңдікті нығайту ісімен мемлекеттік деңгейдегі жоғары мәртебеге ие Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, еліміздегі гендерлік саясатты табысты жүзеге асырып келе жатқанын атап айтуға болады. Осылайша, 20 жылдың ішінде Қазақстанда гендерлік саясатты дамытудың өзіндік іс-тәжірибесі қалыптасты деуге болады.

Гендерлік теңдік стратегиясы

2003 жылы 27 қарашада ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының гендерлік саясатының Концепциясы дайындалып, қолданысқа енген болатын.

Бұл құжатта еліміздің гендерлік саясатының бағыты айқындалып, билік құрылымдарында ер-азаматтар мен әйелдердің тең жағдайда қызмет етуі тайға таңба басқандай анық көрсетілген болатын.

Бұдан басқа, отбасындағы әйелдердің экономикалық тұрғыдан еркінді, шағын және орта бизнеспен айналысу және мемлекеттік қызметте сатылап өсу мәселесі жан-жақты атап көрсетілгенін айта кетуіміз керек. 

Ал 2005 жылы 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданды. Осы стратегияның арқасында 2009 жылы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды.

Бұған қоса, 2016 жылы Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып келеді.

«БҰҰ әйелдері» құрылымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкиевичтің ойын тыңдағанымызда, Қазақстанда гендерлік бағытта кадрлық саясат табысты жүргізіліп жатқанын алға тартқан болатын.

Өз кезегінде әлем бойынша гендерлік саясатты дамытушы маман мемлекеттік Қазақстанда қызметтің барлық деңгейінде жұмысқа орналасу және қызмет бабымен көтерілу үшін тең мүмкіндіктер жасалғанын, әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау қамтамасыз етілгенін тілге тиек еткен-ді.

Гендер ұғымының аясы кең

Бүгінгі еліміздегі нәзік жандылар жоғары деңгейде шешім қабылдау жұмыстарына толықтай араласуда. Олар Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық кеңесінде, Орталық сайлау комиссиясында, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары сияқты жоғары лауазымдарда қызмет етуде.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елдегі мемлекеттік қызметшілердің 55,4%-ын әйелдер құрайды. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 39,8%. Басшылық лауазымдағы әйелдердің көрсеткішіне жекелей қарағанда, өңір әкімдерінің орынбасарлары болып жүрген нәзік жандылар – 10,7%, орталық мемлекеттік органдар комитеттерінің төрағалары мен департаменттерінің директорлары – 30,4%, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары – 14,2%, облыстық басқармалар басшылары – 17,6%, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары 15,4%-ды құрайды.

Гендер ұғымын тек қана әйел теңдігін қорғайтын бағыт немесе оның құқықтарын асыра пайдалануды көздеуге бетбұрыс деп қана түсінуге болмайды. Гендер тек әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын, ал кемсітушілік болған жағдайда оның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық үдеріс.

Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екендігін ескерсек, шындығында, ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды.

Осы тұста, «тең» деген түсінікті кейбір батыстық көзқарастар «бірдей» деген ұғыммен алмастырып алады. Сондықтан олар екі жыныстың биологиялық болмысын да теңестіріп жібереді.

Еліміздегі гендерлік саясат жыл өткен сайын ел азаматтарының толыққанды тұлға ретінде қалыптасуында өзіндік оң нәтижесін беріп келеді. Бірақ бұл әйелдерге немесе ерлерге толыққанды абсолютті еркіндік беріп, жауапкершіліктерін алып тастау дегенді білдірмейді, керісінше, қоғамдағы биологиялық-психологиялық болмысын және мәртебесін сақтай отыра, игілікті-оңды, болмыс тағайындаған дәрежедегі тиісті парыздарын күшейте түсуі тиіс.

Толқын САДЫРОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here