Құлашын жайған қолдобы

0
1214

Түрлі ұлт өкілдерін біріктірген Жетісу өңіріндегі гандбол спортының дамуы

Гандбол олимпиадалық спорт түрі болғандықтан, бұл спорт түрін дамыту өңірлерде дұрыс жолға қойылып келеді.

Қазақстанда бұл спорт түрінің қарқынды дамуына гандбол федерациясының әр жылдардағы басшылары  Е.А. Әміржанов, Б.М. Сапарбаев пен гандболдан ҚР Гандбол федерациясының құрметті президенті Тұрлыханова Гүлнәр Ысмағұлқызы өлшеусіз үлес қосты деуге болады Гүлнәр Ысмағұлқызының жетекшілігімен өткізген соңғы он жыл ішінде Қазақстанның қыздар құрама командасы көптеген халықаралық, азиялық жарыстарда жеңімпаз атанып  жүлделі орындардан түскен емес.

Сонымен бірге үш рет әлем чемпионатына тікелей жолдаманы жеңіп алды. Ал 2008 жылы Бейжің олимпиадасына қатысқан әлемдегі 12 үздік команданың қатарынан көріне білді. Міне, Қазақстанда гандболдың өсу, даму қарқыны осы жылдар ішінде бір сәт те баяулаған емес.

Оның басты себебі, өңірлерде бұл спорт  түріне қызығушылық біртіндеп білікті мамандардың белсенді жұмыстарының арқасында сәтті жалғасын тауып келеді.

Айталық, бүгінгі таңда Алматы облысының ерлер мен қыздар құрамаларының талантты ойыншылары тамаша ойын өрнектерімен ел чемпионатында үздік орындарға талас туғызуда.

 Негізі, қандай спорт түрі болмасын, шын беріліп, жағдай жасалғанда ғана нәтиже болатыны белгілі.

Мысалы, Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасы, гандболдан мамандандырылған №12 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дархан Ашировтың белсенді жұмысының нәтижесінде айтулы мектептің ұл-қыздары ел біріншілігімен қоса халықаралық турнирлерде бақтарын сынап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде.

Айтулы спорт мектебінің білікті басшысы,танымал спортшы Дархан өзге саладан емес, спорттың қазанында қайнап,тәжірибесі толыққан жас маман. Гандбол спорт түріне бар ынтасымен берілгендігі соншалақты, команданы әрбір жарысқа өзі бастап апарып, қыздарының ойынға жан-жақты дайындықпен шыңдалуын қадағалап, зор үлесін қосып жүр. Кезінде бокстан әлем чемпионатында ел қоржынына олжа салған дарынды былғары қолғап шебері, өз жиған тәжірбиесін Жетісу өңіріндегі қол добының дамуына салған екен.

 Иә, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанның өз ісіне адалдығы, шеберлігі, жасап жатқан жұмыстарынан көрінгендей. Қазіргі таңда, Өтеген кентіндегі орын тепкен гандболдан мамандандырылған №12 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде талантты арулардың қатары толыға түскен екен. Негізі, тәжірбиесі жоғары мамандарды жан-жақтан командаға тарту бас қатыратын шаруа екені анық. Бапкерге бар жағдай жасалғанда ғана жұмысына тыңғылықты кірісетіні белгілі.

Айлығы шайлығына жетпей жүрген бапкерден үлкен жетістіктер күту мүмкін емес. Өйткені жәй-күйі келмеген жанның өз жұмысына құлықсыз қарайтыны бесенеден белгілі. Осындай күрмеулі мәселелерді білікті басшылық түйінін тарқатып, шешімін тауып берген екен.

 «Қазанға не салсаң, шөмішіңе сол ілінер» демекші, гандболдың дамуына бар жағдай туғызып, шапқылап жүрген Дархан сынды жанашыр азаматтың белсенді тірлігі күн санап біліне бастағандай.

Мысалы, білікті мамандарды командаға әкелу арқылы үлкен нәтиже күтуге болатынын білген білікті маман ол жағын да мұқият қарастыра білген екен. Айталық, ҚР спорт шебері, гандболдың іздесең таба алмас мамандары: Евгений Шишкин, Александр Красильников, Байғабылова Зарина мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ирина Александрова, Нұржаубаева Анастасия және Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Кефер Наталья сияқты өз ісіне ұқыпты, білгір мамандардың ұжымға келіп қосылуы өз нәтижесін бере бастапты. Өйткені әрбір салада білікті өз маманы болмай белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес екені жақсы білеміз. Сондықтан да, осындай игілікті қадамдар көпке үлгі болса жарар еді.

Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен гандбол федерациясы 2017 жылы құрылған болатын. Содан бергі бұл спорт түрінен гандболдан «Іле» жастар мен жасөспірімдер командаларының шыққан  белестері  көңіл қуантады.

Мысалы, 2018 ж. Іле ауданы Өтеген кентінде 2003 жылғы қыздар арасында өткен республика біріншілігінде топ жарып бірінші орынды жеңіп алса, 2019 ж.  Қостанай қаласында 2002 ж.  қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында жүлделі 2-орынды иеленеген екен. Сонымен бірге ұлдар да қыздардың тамаша жетістігінен артта қалуды намыс көріп, Риддер қаласында  өткен ел біріншілігінде қола  жүлдені жеңіп алады. «Іле» гандбол командасы халықаралық деңгейде де жеңістің бас тұғырынан көріне білген. Өзбекстанның Наманган қаласында гандболдан  «Тәуелсіздік кубогі» үшін өткен халықаралық сында жеңімпаз атанып, Қазақстанның абыройын бір көтеріп тастады. Бүгінгі таңда Алматы облысының Алакөл, Панфилов, Райымбек, Қарасай, Еңбекшіқазақ,Талғар  және Қарасай аудандарында гандболдан бөлімшелер ашылған.

Ол гандбол филиалдары жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні жасөспірімдердің гандбол спортына келуі, қызығушылығы арта түсуде. Өйткені қолдобы спорты нағыз тер төгіп, шеберлікті паш ететін олимпиадалық спорт ойыны.

Алматы облысының гандбол командасы қазірге кезде  ұлттық құрамаға өз таланттарын даярлап беріп отырған берекелі ұстаханға айналуда. Айтулы спорт мектебінің 3 бірдей бұрымдылары Қазақстан Ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсетеді.

Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен талантты қыздар жастар арасында Азия чемпионатына қатысып, 4-орынға қол жеткізген.  Мұның өзін үлкен жетістік деп бағалауға болады. Алдымен ауыл-аймақтағы осындай олимпиадалық спорт түрін кеңінен насихаттау бүгінгі күні ерекше қолдау алуда.

 «Ауыл – қазақтың күре тамыры, алтын бесігі» десек, ауыл таланттарын аршып шығарып, ұлы додаға даярлап қосу ел спортының болашағы үшін маңызы зор.

Осы бағытта Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, олимпиаданың күміс жүлдегері, жас та болса бас болып, өңір спортының дамуына жаңа серпін әкеліп зор үлесін қосып жатқан Нұрбақыт Теңізбаев үшін  бұқаралық спортпен қоса гандбол секілді олимпиадалық спорт түрлерін елдімекендерде көтеру уақыт күттірмейтін жоталы мәселе болып отыр.

Қазіргі кезде облыстағы әрбір спорт саласына бойында жалыны бар, өз ісінің жас мамандарын тарту мәселесін қолға алған Нұрбақыт Теңізбаевтың іргелі істері өз жемісін беріп келеді. Әсіресе жастардың спортқа деген құмарлықтары өсіп, талантты жастардың тасада қалмауына бар жағдай жасалынуда.

Сондай-ақ олимпиадалық спорт түріндегі алар орны ерекше қолдобы спорты да айрықша дамып, қарқын алып келеді. Бұл спорт  түріне облыс тарапынан үлкен қаржы бөлініп, білікті бапкерлер шақырылуда.

 Иә, қолдау, көмек болған жерде табыс та жайлап келе беретіні анық. Бүгінгі күні «Іле» гандбол командасының алға қойған басты мақсаты ел біріншілігінде топжарып, ұлттық құрамаға өз таланттарының қатарын көптеп қосу арқылы, ел чемпионатында қара үзіп алға шығу екені анық білінеді.

 Иә, айтулы гандбол спорт мектебінің қабырғасынан ұшып шығып, ұлттық құраманың жейдесін киген дарынды жастардың арманы, әрине, Азия, Еуропа, Әлем жарыстарында табысты өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын қорғау болып табыларында сөз жоқ.

Ұлттық құраманың деңгейі нығайса, еліміздің де абыройы асқақтай түсетіні мәлім. Сондықтан да Қазақстанның әр өңірінде жоғарыда айтқан Жетісу өңірінің қолдобы секілді жұмыла жұмыс жасалса игі еді. Ел ішіндегі таланттарға жол ашып, табысты ойын көрсетуге оқталған Алматы облысының қолдобы спортының аршынды қадамы, ел спортының болашағы үшін маңызы зор деп білеміз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here