Ұлыс күніндегі игі іс

0
2820

Алматы облысында волонтерлер 357 отбасына азық-түлік жеткізді

Планетамызда өрісін кеңге жайған пандемия әлеуметтің әлеуетіне әсерін тигізуде. Бұл туралы отандық БАҚ жарыса жазып жатыр.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты республикамыздағы әр өңірі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын бұлжытпай орындау мақсатында түрлі шараларды іске асыруда. Осы тұрғысында Алматы облысы тым белсенді екенін атап өткен жөн.

 Кенеттен келген індет талайымызды тосырқатқаны жасырын емес. «Не істемек керек?» деп сасқан елді сабырға шақырушы биліктің біліктілігін астын сызып, ауыз толтырып айтуға толықтай негіз бар.

Жер әсемі Жетісудың басшылары жастар және еріктілермен бірігіп қарқынды еңбек етуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 17 аудан мен  3 қалада барлығы  520 қайырымдылық акциялары өткізілді.

 Оның ішінде аудан, қала көлемінде дезинфекциялық жұмыстарға атсалысу, азық-түлік тасымалдау, медициналық антисептик, жеке гигиеналық заттар және бетпердемен қамтамасыз етумен айналысуда.

«Мейірімді Жетісу» еріктілердің фронт-кеңсесінде тәулік бойы әлеуметтік желілерде хабарлама, телефон арқылы тұрғындардың сұранысын қабылдайтын желі жұмыс жасайды. Әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап байланысқандар саны – 117, қауырт желінің көмегіне жүгінгендер 78 адам.

Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 357 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыстағы 1300 еріктінің атсалысуымен 3000 маска тігіліп, тұрғындарға таратылды.

Үйден шығып, азық-түлік алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарға көмек ретінде жеткізіп беру қызметіне автоеріктілер тартылған.

Бұл бастамасы ғана. Халықтың қамын ойлаған атқамінерлер азық-түлік бағасына да мән беріп, бағаны бақылауында ұстап отырған жайы бар.  Осыған қатысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің төрағалығымен аймақ әкімдерінің селекторлық кеңесі өтті.

Онда нарықтағы мәселелер талқыланды. Кеңес барысында әкімдіктер «Азия Агро-фуд» компаниясымен ұн өндіру бойынша ынтымақтасатыны және Алматы облысының тұрғындары  бір килограмм  ұнды 130 теңгеден сатып алу мүмкіндігіне ие болғаны анықталды. Аталған өнімнің бір қабын тек бір ғана жеке тұлға алады. Мұндағы себеп, алыпсатарлықтан сақтану. 

Төтенше жағдайды өз пайдасына жарататын «пысықтар» да табылатынын ескерген    Серікжан Бескемпіров жауапты тұлғаларға азық-түлік тауарларының бағасын бақылауды тапсырды.

Бүгінде базарда және дүкендерде  ел қолдан жасанды  кезек жасап жүр.  Дәл қазіргі сәтте  жеті өзені тоғысқан мекенде әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеткілікті мөлшерде, дүрбелең туғызудың қажеті жоқ.

 Бағаны негізсіз арттыру туралы дерек тіркелсе,  әр әкім өзі жауап беретін болады, сондықтан жұмыс істеу керек және жағдайды бақылау қажет.  Ахуалды басшылыққа ала отырып, аудандар бір-бірімен серіктестік орнатуы тиіс. Мысалы, Райымбек ауданында картоп қоры, Балқашта – күріш, Қараталда пияз қоры бар, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Селекторлық жиын өз нәтижесін берді. Бұрынғыдай емес, бұл отырыс әлеуметтің әлеуетін арттыруға ықпал етті. Енді Талдықорған қаласының тұрғындары қажетті тағам өнімдерін тиімді бағада ала алады.

Сондай-ақ Алматы облысының Тұрақтандыру қорының келесі өнімдері сөрелерден орын алады:

Мәселен, сұйық майдың  0,875 л – 355 теңге, 4,4 л – 1765 теңгеден,  қанттың 50 келісі 9 000 теңгеге саудаланса, күріштің 1 келісін 225 теңгеге алуға болады. Кеспенің  1 келісі – 180 теңге, картоптың  1 келісі – 80 теңге, пияздың  1 келісі  60 теңгеден сатылатын болады.

Міне, осылай төтенше жағдай кезінде тура шешім қабылданды. Енді елдің еңсесі тіктеліп, тұрмысы біраз жақсармақ. Алдағы уақытта Алматы облысында мұндай игі істер жалғасын табатын болады.

Анар САБЫРОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here