ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы еліміздегі педагогтардың қашықтан білім беру ісіне қызу дайындалып жатқанын хабарлады.
Шолпан Қаринова 6-сәуірден бастап еліміздегі оқушылардың төртінші тоқсанды қашықтан білім алатындығын айтты. Қазір еліміздегі оқушылардың бәрі каникулда демалуда. Ал ұстаздар қауымы болса шәкірттерін каникулдан кейін жаңа форматта оқытуға дайындалуда.
– Әдетте, ұстаздар каникул кезінде өздерінің біліктілігін көтеру ісімен айналысатыны белгілі. Ал қазіргідей қиын кезеңде мұғалімдер өздерінің цифрлық біліктілігін көтеру ісмен бетпе-бет келіп отыр. Сол себепті олар өздерінің цифрлық машығын жетілдіруде. Иә, жаңа жүйені бірден меңгеріп кетудің өз қиындықтары бар. Еліміздегі мектептерде еңбек ететін мамандардың қашықтан оқыту іс-тәжірибесі болмағаны белгілі. Білім беру саласына жауапты ведомство бұған дейін мұғалімдерге қашықтан оқытуға қатысты ешқандай талап қоймады. Бірақ біздің ұстаздарымыз цифрлы білім беру ісімен жақсы таныс деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені ұстаздарымыз бұған дейін цифрлы ресурстармен, электронды оқулықтармен және электроны журналдармен жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдағанын есепке алсақ, ұстаздарымыз балаларды қашықтан оқыту ісін алып кететіні анық, – деді вице-министр.
Осылайша, вице-министр еліміздегі мектеп әкімшілігі, оқу-әдістемелік бірлестіктердің жетекшілері және педагогтар қашықтан білім беру ісіне бел буып, білек сыбана кіріскенін жеткізді.
– Қашықтан білім бері бұл мектепте өтетін 40 минуттық сабақ емес. Бұл сабақтың өзіне тән ерекшелігі бар екенін ата-аналар да түсінуі керек. Өз кезегінде ұстаздар қауымы да оқушыларды экран арқылы білім алуға қызықтырып, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауы қажет деп есептеймін. Ал ата-аналар балаларының қашықтан білім алуына мүмкіндік туғып, жағдай жасауы тиіс. Қашықтан оқыту жүйесі ұстаз, оқушы және ата-аналардың бас біріктіруінің арқасында іске асатынын айта кетуіміз керек, – деді Шолпан Қаринова.
Министрдің орынбасары ауылды жерлерде сапалы ғаламтордың болмауы, кейбір отбасыларында қашықтан білім беруге қажетті компьютерлердің жоқтығын ескеріп, бұл мәселені де назардан тыс қалдырмағанын жеткізді.
Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі жергілікті жердегі білім беру басқармаларымен бірлесіп, қашықтан білім берудің Жобалық кеңсесін құрғаны мәлім болды. Жауапты мекемелер өзге елдердің қашықтан оқытудағы озық тәжірибелерін басшылаққа алып, арнайы онлайн телекурстар мен вебинарлар ұйымдастырмақшы.
Айталық, «Балапан» мен «Ел арна» телеарнасында 1-11 сыныптар үшін төртінші тоқсанға арналған сабақтар көрсетілетін болды. Өз кезегінде вице-министрі қазіргі таңда аталмыш сабақтарды түсіру жұмыстары қызу жүріп жатқанын тілге тиек етіпті.
– Теледидар арқылы онлайн сабақтарды жүргізу үшін 2 мыңнан астам телесабақтар түсіретін боламыз. Түсірілетін сабақтардың бәрі мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламасымен толықтай сәйкеседі. Қазіргі таңда бұл іске Нұр-Сұлтан қаласы мен Назарбаев зияткерлік мектебінің, жекеменшік және республикалық мектептердің үздік ұстаздары тартылуда, – деп Шолпан Қаринова ойын ортаға салды.