Аймағамбетов ата-аналарға хат жазды

0
1822

Құрметті ата-аналар!
Балаларымыздың көктемгі каникулы 16 наурызда басталды. Қазіргі кезде ата-аналардың басым бөлігі үйде және балаларға 21 күнге созылатын демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге көмектесе алады.

Менің ұлым – төртінші сынып оқушысы. Өзі кітап оқығанды жақсы көреді. Мысалы, оқу жылы басталғалы «Робинзон Крузо», «Том Сойердің бастан кешкен оқиғалары», «Менің атым – Қожа», «Көшпенділер» трилогиясы кітаптарын бірге оқып шықтық. Сүйікті кітабымыз – «Капитан Гранттың балалары». Сондай-ақ ежелгі грек және мысыр мифтері мен аңыздарын қызыға оқыдық.

Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды. Егер бала Сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алатын болады.

Маған бала кезімде ғылыми фантастика жанрында жазылған туындылар ұнайтын. Айзек Азимовтың, Рэй Брэдберидің, ағайынды Стругацкийлердің, Клиффорд Саймактың, Роберт Хайнлайнның еңбектері қиялымды оятатын. Осы авторлардың туындыларын оқып, күні бойы хикаялардың мазмұнын ойлап жүруші едім.

Осылайша, есейе келе, ғылыми әдебиеттерге деген қызығушылығым артты. Сондықтан балаларды осы жанрға баулу өте маңызды деп ойлаймын. Бала күнде оқыған сүйікті туындыларыңызды балаларыңызға ұсынып көріңіздер.

Ең бастысы, бала үйде кітапты неғұрлым көп оқитын болса, мектеп бағдарламасын соғұрлым жеңіл меңгеретінін ұмытпаңыздар.

Кітап оқудан бөлек, отбасымен танымдық видеоларды қарауға болады. Мысалы, видеосабақтарды, тренингтер мен ғылыми тәжірибелерді, TED-конференцияларын және т.б.

Біздің министрліктің сайтынан білім беру ресурстарының тізімін таба аласыздар.

Айтпақшы, қазіргі кезеңде білім беруге бағытталған сайттарды пайдалану барысында трафик есептелмейді, яғни тегін болады. Ол үшін біз интернет провайдерлерімен келісім орнаттық.

Бұл қосымша білім беру орталықтары, курстар мен секциялар жұмысын тоқтатқан кезеңде өте ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ бұл балаларды онлайн-форматта білім алуға икемдеуге жақсы мүмкіндік, болашақта пайдасы тиетіні де сөзсіз.

Ата-аналардың басым бөлігі каникул аяқталған соң, оқу процесі қалай ұйымдастырылатынын уайымдауда екенін білемін.

Қазіргі уақытта оқуды қашықтан жүргізуге көмектесетін ақпараттық жүйелерді дайындап, тестілеудеміз. Кейбір сабақтарды телеарналар арқылы өткізуге болады. Бұл формат біздің оқушылар мен ұстаздар үшін үйреншікті емес, сондықтан педагогтердің жұмысына түсіністікпен және құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Олар оқушыларын сағынды және мектепке келер сәтін асыға күтуде.

Бұл – министрдің емес, жағдайға байланысты балаларымызда кенеттен пайда болған бос уақытты тиімді өткізуді және осы кезең бізді балаларымызбен жақындастыра түсуді қалайтын әкенің ұсыныстары ғана. Балапандарымыздың бақытты болуы біз бен Сізге тікелей байланысты.
Өзіңіз бен жақындарыңыз аман болғай!

Ізгі ниетпен,
Асхат Аймағамбетов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here