Алғаш рет өткен онлайн-брифингте не делінді?

0
838

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев онлайн-брифинг өткізіп, елімізде қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірді. Министр алғаш рет ұйымдастырған онлайн-брифингте Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында талқыланған мәселелерге қатысты өз ойын ортаға салды.

Жұмыссыздыққа жол берілмейді

– Бүгінде табиғи ресурстарға деген бағаның күрт төмендеуінен ғаламдық дағдарыс күшіне енді. Осының кесірінен үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында республикалық бюджетке түсуі тиіс 350 млрд теңге шамасындағы қаражат түспейін деп тұр.

Бірақ бұған қарамастан, мемлекет дағдарыспен күресу үшін республикалық бюджеттен 4,4 трлн теңге, яғни 10 млрд долларға жуық қаражатты бөлді. Бұл көмекке салықтық жеңілдіктердің қатысы жоқ, – деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі қаржылай қолдау көрсету кезінде Ұлттық қордан қаржы алынбағанын атап өтті.

– Еліміздің экономикалық әлеуеті мен халық санын қоса есептегенде көрсетіліп отырған қолдаудың ауқымы зор екенін бағамдауға болады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы елімізде жұмыссыздықтың артуына жол бермеуге және карантин кезінде ауылдарына қайтқан жастарды жұмыспен қамтудың маңыздылығына айрықша назар аударып отыр.

 Бұдан басқа, «Қарапайым заттар экономикасына» айрықша көңіл бөлініп, ел экономикасына жаңа серпіліс беру де көзделуде, – деген министр Үкіметтің жоспары жайында айтып берді. 

6 мың отандасымыз елге оралды

Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бері алты мыңға жуық қазақстандық туристер елге оралыпты. Алдағы уақытта сырт елдерде жүрген 145 отандасымызды елге әкелу жоспарлануда. Мемлекеттің қолдауына қарамай елге қайтудан бас тартқан 60 турист шетелде қалғанды жөн санапты.

– Олар шет мемлекеттерге шықпау туралы ескертуді елеген жоқ. Отанына оралған жерлестеріміздің арасында демалыс мерзімі аяқталғанша асықпай, содан кейін ғана елге келуді ойлаған азаматтар болды. Мұндай адамдарды өз денсаулығына салғырт қараған жандардың қатарына жатқызуға болады. Бүгінде індеттің бар-жоғын анықтайтын тесттердің көпшілігі шетелдерден келген туристерге кетуде, – деді министр.

Дәурен Абаев Үкімет алдағы уақытта коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны артатынын болжап отырғанын жеткізді.

– Біздер індет жұқтырудың шырқау шегі алдағы уақытта болады деп болжам жасап отырмыз. Бұдан кейін коронавирус жұқтырғандардың саны біртіндеп төмендей береді. Алдағы бір айда біздер осы жайтқа куә боламыз.

Қазіргі таңда елімізде бір күнде 604 мың медициналық маска шығарылып жатыр. Жақын күндері оның көлемін 1 млн данаға дейін жеткізбекпіз. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында медициналық маскалар халыққа тегін таратылатын болады, – деді Дәурен Абаев.

Тест сынама жеткілікті

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде Covid-19 вирусын анықтайтын 60 мың тест бар екен. Жақын күндері тағы да 150 мың тест алынатынын онлайн-брифингте министр алға тартты.

Қажетті сынаманы алудың келісімшарты аяқталуға таяу. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен індетті анықтауға мүмкіндік беретін 100 мың тест сынама сатып алынады. Мұның бәрі ел азаматтары үшін тегін.    

– Ғаламторда «сапасы төмен сынама сатып алынуда» деген әңгіменің таралып жатқанын білемін. Осы ретте Ұлттық сараптама орталығы Қытайда өндірілген тест сынамаларды қолданып жатқанын айтқым келеді. Бұл сынамалар адамның індет жұқтырғанын анықтауда тиімділігін көрсетті. Сынамалар Қытайда коронавируспен күрес кезінде тиімділігін көрсеткені белгілі. Ал зертханалық бақылауға Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы ұсынған праймерлер қолданылуда, – деп министр істің анық-қанығын ашып айтты.

Журналистер қандай сұрақ қойды?

Өз кезегінде Дәурен Абаев журналистердің 22 наурызда Электронды үкіметтің сайтында (egov.kz) коронавирустың таралу картасы орналастырып, кейіннен не себепті алынып тасталынғанын сұрады.

– Аталған карта жұртты әбігерге салғаны жасырын емес. Жұрттың көпшілігі картада коронавирус ошағы көрсетілген деп секем алып қалды.

Шындығында, картада індетке шалдыққандардың және олармен байланыста болғандардың қай аймақта болғаны көрсетілген. Мұны індет ошағы деп шатастыруға болмайды. Тиісті орындар жедел іске кірісіп, індет жұқтырған адамдармен байланыста болғандарды тексергенде олардың вирус жұқтырғаны байқалмады. Қазіргі таңда картаны көпшілікке түсінікті болу үшін жетілдіру үстінде, – деді министр. 

Сонымен қатар Дәурен Абаев Германиядан «Куршевель – Берлин – Минск – Алматы» бағыты бойынша Нұр-Сұлтанға ұшып келген жолаушылар жайында пікір білдірді.

– Борт 13 наурызда ұшып келді. Ұшақта болғандардың бәрі емханаға жатқызылды. Бортта 12 адам болса, оның 9-ы жолаушы, 3-уі экипаж мүшелері. Олардың бәрі дер кезінде оқшауланып, қажетті емдерін алды.  Ұшақты күтіп алушылар арнайы киімде болғандықтан олар емханаға жатқызылған жоқ, – деді министр.

Журналистердің «індет жұқтырғандар арасында шенеуніктер бар ма» деген сауалына министр қысқа жауап қайырды.

–  Науқастарға қатысты кодекске сай дәрігерлік құпияны сақтау маңызды. Қазір кімнің ауырып жатқанын атап көрсетудің қажеті жоқ, – деді Дәурен Абаев. 

23 наурыздағы мәліметке сай індет жұқтыру бойынша 62 жағдай тіркелді.

Нұр-Сұлтанда – 32 жағдай,

Алматыда –  26 жағдай,

Қарағандыда –  2 адам ем алуда.

Ал Алматы мен Ақтөбе облысында бір-бір жағдай тіркелген.

Әзірлеген Нұрлан ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here