Отандық мақтаны өңдеу үш есе артады

0
1828

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында мақта өсіретін елдердің бірі. Мақта өндірісі саласында Өзбекстанмен тайталаспасақ та, еліміздің оңтүстік аймағында мақта өсіріп, мол пайда табуға болады. Мұны Түркістан облысының жер емген шаруалары нақты іс жүзінде дәлелдеп жүргені белгілі. Биылдан бастап отандық мақтаны қайта өңдеу үлесін 3 есеге ұлғайтып, қосымша 1 мың жұмыс орнын ашу көзделуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы ақпанда еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 12,4% өскені мәлім болады. Оның ішінде тоқыма бұйымдары 11,9%, киім-кешек 9,7%, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде 11,8%-ға жоғарылаған.

Жеңіл өнеркәсіп кез келген елдің экономикасы үшін маңызды рөл атқаратындықтан, әлемде бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіледі. 

Қазақстанда да бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үкімет өткен жылдың наурыз айында 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасын мақұлдады. Онда кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу, қазақстандық қамту үлесін арттыру, экономикалық ынталандыру және жүйелі қолдау бойынша шаралар көзделген.

Қазіргі елімізде киім мен аяқкиім өндіруге арналған маталардың көптеген түрлері, дайын тері, фурнитура, сондай-ақ қолданбалы материалдар өндірісінде пайдаланылатын химиялық реагенттер мен бояғыштар өндірісі жоқ. Бұл жағдай тиісінше дайын өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

Қазақстанда бүгінгі таңда қуаттылығы 31 мың тоннаға дейін мақта талшығын өңдеуге мүмкіндік беретін 4 тоқыма мақта өңдеу кәсіпорны бар.

Алайда олардың «Azala Textile» және «Azala Cotton» кәсіпорындары ғана тұрақты жұмыс істейді. «Альянс» СӨК Қазақстан-Өзбекстан бірлескен кәсіпорны 2019 жылдың желтоқсанында «Ютекс» АҚ тоқтап тұрған өндірісін іске қосты. 

Саладағы өзекті проблемаларды шешу мақсатында Премьер-министрдің Өкімімен елімізде мақта-тоқыма кластерін дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Соның шеңберінде «Ютекс» фабрикасының толық қуатқа шығуы, сондай-ақ тігін өндірісін және тоқыма «Меланж» кәсіпорнын іске қосу көзделген.

Бұдан басқа, таяуда «Оңтүстік» АЭА-нан тыс орналасқан мақтаны қайта өңдеу жөніндегі қолданыстағы тоқыма фабрикаларына арнайы экономикалық аймақ преференцияларын беруді қарастыратын қаулы қабылдау жоспарланып отыр.

Бұл шаралар отандық мақтаны қайта өңдеу үлесін 3 есеге ұлғайтып, қосымша 1 мың жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ министрлік тері шикізатын өңдеу бойынша кәсіпорындарды қолдау шараларын жүзеге асыруда. Бүгінде алынатын ірі қара мал терісінің барлық көлемінен (шамамен 3 млн тері) былғары кәсіпорындары терінің 16%-ын өңдейді.

Былғары кәсіпорындарының жүктемесін, сондай-ақ былғары және оған жататын өнім өндірісінің көлемін ұлғайту мақсатында ел аумағынан өңделмеген ірі қара мал терісін шығаруға уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ негізгі кооперацияны ескере отырып, сүт, тері, жүн қабылдау пункттерін құру мен дамытуды қаржыландыруды көздейтін «Бірлік» несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Осы бағдарлама аясында Қарағанды облысында 13 млн теңгеге бір қарыз берілді, оның ішінде 8,7 млн теңге жүн өңдеу бойынша жабдықтар сатып алуға және 4,3 млн теңге айналым қаражатын толықтыруға жұмсалуы тиіс.

Жеңіл өнеркәсіп саласының отандық кәсіпорындарын, сондай-ақ fashion-индустрияны қолдауға бағытталған осы шаралардың барлығы өндірушілерге өндіретін тауарлар номенклатурасын кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға, ел ішінде отандық өнім имиджін арттыруға және нәтижесінде жергілікті қамту үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here