Алматы технологиялық университетінде «Жастар жылына» арналған «JasStar» жобасы аясында алкогольсіз сусын өндірісі бойынша оқу-ғылыми орталықтың салтанатты ашылуы өтті. Жобаның серіктесі EFES Kazakhstan жабдықтарды сатып алуға және аудитория жаңартуға қолдау көрсетті.
Сыра қайнатуға арналған жабдық Чехиядан сатып алынды, монтаждау және іске қосуды өндіріс зауытынан арнайы келген мамандар жүзеге асырған.
Іс-шараға Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов, EFES Kazakhstan басшылығынан Зейнеп Эркан Альп, Фатих Тексал, Чингиз Каскеев, Станислав Вериш және өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері мен жетекші мамандары қатысты.
Орталықтың ашылу рәсімінде АТУ ректоры Талғат Құлажанов, Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов және EFES Kazakhstan-ның ұжымды басқару директоры Фатих Тексал салтанатты түрде көгілдір лентаны кесті.
АТУ ректоры Талғат Құлажановтың айтуынша, университет қазақстандық студенттерге ашыту өндірісіндегі алғашқы инновациялық және білім беру ортасын қалыптастырып отыр.
Орталықтың ашылуы салтанатында Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов студенттердің осы жабдықты қолдана отырып, мол тәжірибе жинайтынына, осы мүмкіндік арқылы жақсы жұмыс орындарына орналаса алатынын айтып, тілектестігін білдірді.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған қонақтар дайындалған сыраның бірнеше түрінен дәм татып, технопарктың цехтарын аралады.
Айта кетейік, EFES Kazakhstan көп жыл бойы дуальды оқыту бойынша АТУ серіктесі болып келе жатыр. Жыл сайын қысқы және жазғы тағылымдамаларға студенттерді қабылдап, жұмысқа орналасуға ұсыныс білдіреді. Сондай-ақ сұранысқа ие мамандар даярлайды.
Ашылған орталықтың негізгі мақсаты – студенттердің тәжірибе жинауына мүмкіндік беру, жастардың ғылымға деген құлшынысын ояту. Мұнда Қазақстан мен шетелдердің жетекші кәсіпорындарының жоғары санатты кәсіпқой технологтары студенттерге арналған оқу семинарлары мен алкогольсіз сусындар өндірісі бойынша семинарлар өткізетін болады.
Шағын сыра қайнату зауыты – қазақстандық сыра қайнатудағы инновацияны ынталандырудың маңызды факторы.
Студенттердің мұндағы тәжірибелік жұмысы сыра өндіру процесін толықтай қарап үйренуге, ашытқының үгітілуінен бастап, дайын өнімді шығаруға дейінгі процестерін бақылауға мүмкіндік береді.
Осылайша, студенттер сыра қайнатудың жаңа технологияларын қолдана отырып, білімдерін бекіте алады: сыраны дайындап, ерекше сорттарын әзірлейді. Осы арқылы олар өз ісіне кәсіби тұрғыда дайындалуға мүмкіндік алады.
Практикалық білім мен дағдыларды жетілдіру студенттердің кәсіби мансабында маңызды рөл атқарады. Бұл түлектердің ішкі және сыртқы еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Шара барысында АТУ ректоры Талғат Құлажанов және Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов тағам, жеңіл өнеркәсібі және мейрамхана-мейманхана бизнесі саласы үшін жұмысшы мамандарды бірлесіп даярлау мәселесін талқылады.
АТУ Медиа орталығы