Жастарды қолдау жалған ұран, құрғақ уәделермен ғана шектелетін науқаншылдыққа ұласып кетпегені маңызды. Айталық, елімізде жеке кәсібін ашуды армандайтын жастар баршылық. «Жастар жылында» жас кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі? «Қала мен Дала» бұл жайында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаппай кәсіпкерлік және шағын қаржыландыру департаментінің басқарушы директоры Бауыржан Оразғалиевтің пікірін білді.
– «Жастар жылына» қатысты пікіріңізді білгіміз келеді. Бұл жыл жастар үшін қаншалықты жемісті болмақ?
– Иә, жастар – ел дамуының күретамыры. Жастар – елдің бүгіні мен болашағы. Әрбір мемлекет өз жастарына үлкен үміт артады. Елдің қоғамдық-экономикалық өмірін жаңа деңгейге көтереді деп сенеді.
Тәуелсіздік алғалы бері бүтін бір буын ер жетті. Тіршілікке араласа бастады. Бүгінгінің тәуелсіздік құрдастары болашақтағы аға буын. Бүгінгі жастардың дұрыс әрекетінен елдің ертеңгі келбеті қалыптасады. Жастар бұрынғыдан да белсенді болғаны жөн. Өйткені заман жастардан сергектікті, саналылықты, сауаттылықты талап етіп отыр.
Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы көптеген жастарға серпін берді. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда жастар Үкіметтің назарынан қалыс қалған емес. Мемлекет тарапынан жастарға барынша көңіл бөлінуде.
Ендігі жерде осы уақыттар аралығында өсіп-жетілген буын алған білімі мен тәжірибесін елімен бөлісетін кезі жетті. «Жастар жылы» мінеки, осындай талап-үдемен тұспа-тұс келіп отыр.
Мұны неге айтып отырмын? Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы жаңа заманның талаптары мен мақсаттарына бейімделген жүздеген, мыңдаған қазақстандықты баптап, баулып шыққанына куәсіздер.
– Жастар кәсіпкерлігін қолдауда қандай шараларды қолға алу қажет? «Жастар жылында» бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу болды ма?
– «Жастар жылының» ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасымыз елімізде жастар кәсіпкерлігін қолдауда үлкен жобалар жүзеге асырылғанын тілге тиек етті. Мұның бәрі де рас. Осының нәтижесінде жас кәсіпкерлердің бизнес бастауына шабыт беретін ондаған, жүздеген жоба сәтті жүзеге асты.
Білетін боларсыздар, сол жолғы кездесуде Елбасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасын мысалға келтіріп, мекеме мамандарына «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.
«Бұл бағдарлама жастарға шағын несиелер берудің және бизнестің әдіс-амалдарын оқытудың алаңына айналуы қажет» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бұдан бөлек, осы жоба шеңберінде білім алуға ынталы жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың санын 100 мыңға дейін жеткізу жайлы мақсатты белгілеп берген-тұғын.
Тіпті жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізу межесін белгілеп берді. Бұл бастаманы толықтай іске асыруға барлық мүмкіндік бар.
Осынау жобаны сәтті іске қосқанымызды айта кеткім келеді. «Жастар жылында» «Атамекен» тарапынан жұмыссыз және де тұрақты айлығы жоқ 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге көмек қолын созатын «Жас кәсіпкер» жобасы іске қосылды.
Бұл бағдарламаның жалпы мазмұны «Бастау» жобасына ұқсас. Мұнда бизнестің әуелден белгілі алгоритмдерінен бөлек, стартап жобаларға қатысты толыққанды мәлімет алуға болады.
Осы жобаның негізінде жастарды бизнеске баулып, кәсіп ашқысы келетін қыз-жігіттердің қатарын көбейтуді көздер отырмыз. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында бизнеске қатысты дағдылармен танысқан жастар болашақта жеке кәсібін аша алады. Яғни оларға бизнесін ашуға және алғашқы уақыттағы өтпелі кезеңнен өтуге капитал ретінде грант не болмаса жеңілдетілген несие беріледі.
Жобадан жақсы тәлім алып, іркілмей өткен алғашқы кәсіпкерлер де анықталып жатыр. Алдағы уақытта олар арнайы комиссия алдында өз идеяларын қорғап, кәсіп ашуға қажетті 505 мың теңгеге қол жеткізе алады.
Әрине, бұл сома соншалықты ауқымды емес. Алайда кәсібін бастағысы бар жас кәсіпкер үшін едәуір көмек. Иә, бизнес туралы айту бар да, жүргізу бар. Бұл екі бөлек дүние. Кәсіп жүргізу кез келген адамның қолынан келе бермейді.
«Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастар бизнесте табысқа жеткен тұлғалардан тәлім алып, білім көкжиегін кеңейтуде. Осынау курстардың негізінде жастардың бизнесті жүргізу оңай болмасына көзі жетті.
– Өз ісін бастағысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
– Бизнес бастауды армандайтын әрбір жас ең алдымен өз идеясына сену керек. Содан соң сол идеяны жүзеге асыратын жоспары болғаны жөн. «Жас кәсіпкер» жобасының тәжірибесінен өткен жастардың санасына осыны сіңдіруге тырысып жүрміз.
– «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша барлығы қанша жас бизнестің қыр-сырын үйренбек?
– «Жас кәсіпкер» жобасы аясында ел көлемінде барлығы 20 мың жасқа кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретеміз. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында – 3200 адам. Жалпы, Алматы қаласы жастарының кәсіпкерлік потенциалы зор. Болашақта Алматы бойынша бұл жоба негізінде оқитын жастардың саны 10 мың адамға жетеді деп күтіп отырмыз. Бұлар – негізінен, 18 және 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар.
Бизнес-жаттықтырушылардың барлығы білікті. Олардың міндетіне кіретін бірнеше бағыттар бар. Атап айтар болсам, жастарға бизнес негіздерін үйрету, қаржыландыруға қол жеткізуге көмектесу, қаржы алған соң бизнес-жобаны сүйемелдеу, аудан-ауылдарда маркетингтік зерттеулер жүргізу, жобаға қатысушылар мен арадағы байланысты үзбеу.
Жалпы, оқу ұзақтығы үш аптаға созылады. Мәселе оқытуда ғана емес, сонымен бірге жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға басымдық береміз. Осы мақсатта арнайы тренерлер шақырылып жатыр.
Бұл бағдарламадан тәлім алған жастардың 20 пайызы өз бизнесін бастаса, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Тағы да айта кетейін, «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобалары өзара тығыз байланысты. Екеуі де ұлттық жобалар санатында. Бұл бағдарламалардың өзгелерден артықшылығы біз тек оқытып қана қоймаймыз, бұдан бөлек, микроқаржыландыру алуға мүмкіндік береміз, кәсібін дамытуға көмектесеміз. Бұл өз кезегінде еліміздегі жұмыссыз жастардың санын едәуір азайтады.
– «Бастау» жобасына да тоқталып өтсеңіз. Бұл жоба жастар
кәсіпкерлігін дамытуға қаншалықты үлес қосты?
– Иә,
дұрыс айтасыз. Бұл арада «Бастау» жобасына да тоқтала кеткен жөн. Осы жобаның көмегімен
осы күнге дейін еліміздегі ауылдар мен шағын қалаларда барлығы 40 мыңнан аса тұрғын кәсіпкерлік
қыр-сырымен танысты.
Өткен жылы шағын несиелеуге 62 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, барлығы 14 мың кәсіпкер қамтылған болатын. Қаржыландыруға ие болған жобалардың көпшілігі ауылдар және шағын қалаларға тиесілі. Жалпы алғанда, былтырғы жылдың қорытындысында «Бастау» жобасы негізінде 7 600 адам өз кәсіптерін ашса, енді біршамасы бизнесінің ауқымын кеңейтті.
Бұл жобаға қатысқандардың арасында да жастардың үлесі көп. «Бастау» жобасынан тәлім алғандардың 25 пайызы 18 бен 29 жастың аралығындағы жастар.
Тұтастай алғанда, жастар кәсіпкерлігін қолдайтын жобалар бұлармен шектеліп қалмайды. Естеріңізде болса, «Жастар жылы» жарияланған жиында Елбасымыз «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы шеңберінде жас бизнесмендер үшін гранттар санын көбейту қажет екенін айтқан болатын.
Тұңғыш Президенттің бұл тапсырмасы да тиянақты түрде орындалуда. Әзір бұған қатысты жоспар жасалды. Соның негізінде алдағы үш жылда шамалап алған 300 мыңнан аса жас кәсіпкерліктің құпияларымен танысады. Біздің жобалауымызша, олардың төрттен бірі, яки 80 мың адам болашақта өз кәсіптерін ашуы қажет.
ЖОО-ларда оқитын студенттерді де бизнеске баулу аса маңызды. «Жастар жылына» арналған жиында бұл мәселеге Елбасымыз да ерекше тоқталып өткен. Осы бағытта алдағы уақытта арнайы бағдарлама әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін еліміздің бюджетінен қомақты қаржы бөлінетін болады. Бұл қазіргі таңда еліміздегі ЖОО-ларда оқитын 60 мыңға тарта студенттің бизнеске қадам басып, өз кәсібін бастауына мүмкіндік береріне сенімдімін.
Сұхбаттасқан Аяулым ШАЙМАРДАН