Жастарға қандай қамқорлық жасалынды?

0
3952

Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жастар жылын жариялағанда жастардың негізгі үш мәселесін қадап тұрып айтқаны есімізде. Олар – кемел білім, жұмыспен қамту және баспана мәселесі болатын. Иә, еліміз тәуелсіздігіне ие болғаннан бері жастар мәселесіне барынша көңіл бөліп келеді. Бұл ретте қоғамдық өмірімізде жастардың статусын анықтайтын заң қабылдап, біраз жұмыстар атқарылғанын  мойындауымыз керек.

Білімді жас ел ертеңінің кепілі

Бүгінде сол жұмыстардың биікке көтерілуіне Жастар жылы тың серпіліс бергені даусыз ақиқат. Әңгіме басында мемлекеттің жастарға жасайтын басты қамқорлығын атап көрсеттік. Солардың бірі – сапалы білім алу мәселесі. Қалай десек те, тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас болуымен «Болашақ» бағдарламасының қабылдануы еліміздегі жастардың кемел білім алуына мүмкіндік туғызды. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған мыңдаған жастар түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, «Болашақ» бағдарламасы ТМД елдері жастары қызыға қарайтын маңызды бастама екенін атап айтуға болады. Иә, мұндай бағдарламаны іске асыру оңай болмағанын түсінуіміз керек. Дамыған елдерде білім алып, сол елдің өміріне қызыққан жастардың елге келіп еңбек етуін қамтамасыз ету оңай болмағаны анық. Бұл ретте аталмыш бағдарламаны үйлестірушілер олардың елге келіп, белгілі бір уақыт аралығында ел дамуы үшін жұмыс істеуді міндеттейтін механизмдерді ойлап тауып, оны жүзеге асырды. Бүгінде біздер «Болашақ» бағдарламасының жемісін жеп отырған жайымыз бар.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары білім беру саласына жасалынған реформалардың бәрі жастардың сапалы білім беру мәселесін басшылыққа алды.

Осыдан біршама уақыт бұрын білім беру саласының білгірі, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Тахир Балықбаев: «Институционалды тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Қазақстанның білім беру жүйесі толықтай қалыптасты деп айтуымызға болады. Жаңа жүйе Кеңес заманындағы жүйеге мүлде ұқсамайды. Жаңа арнаға бет бұрғанын кім де болса түсінеді. Бүгінде еліміздегі университеттер, колледждер, мектептер мен балабақшалар жаңа бағытта жұмыс істеп жатыр. Олардың ескі Кеңестік жүйеден кеткенін білім саласын жетілдіруге қатысты қабылданған заңнамалар, оқу бағдарламалары, ұстаздар даярлайтын ғылыми әдістемелеріміз, орталықтардың жұмысы айқындай түседі. Мұны Тәуелсіз елдің жастарына  білім беретін Қазақстанға тән жүйесі қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады» деген еді.

Иә, айтары жоқ қазір жастардың терең білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қиырдағы ауылдық мектепте білім алып, дамыған елдердің жетекші университеттерінде білім алуға аңсары ауған жастар өз арман-мақсаттарын толықтай іске асыра алады.

Қазіргі таңда елімізде Назарбаев Университеті, ҚБТУ, НАРХОЗ, Алма университеті сынды заманауи білім беру мекемелерінің жұмысты жаңаша ұйымдастыруы алдағы уақытта жастардың терең білімді ел аумағында алуына болады. Мемлекеттің білім беру саласында қолға алған маңызды жұмыстардың бәрі жастардың сапалы білім алуына толықтай мүмкіндік туғызып отырғанын байқауға болады.

Жастарды жұмыспен қамту шаралары

Кемел білім алған қазақ жастарының сол алған білімін ел мүддесіне жарату ол да бір үлкен мәселе. Алдымен, қарапайым мамандықтардан бастасақ, алыс ауылды жерлерде білікті дәрігерлер мен ұстаздардың жетіспей келгені жасырын емес. Бұл мәселені шешуге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шешуге күш салды. Осылайша, ел ішіндегі жоғары оқу орындарды тәмамдаған жастарды ауылға тарту мәселесі қолға алынды. Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мыңдаған жас ауылға қазығын батырып, табандап жұмыс істеп жатыр. Иә, бұған дейін аталмыш бағдарлама жайында біршама сындар айтылды. Кез келген көштің жүре түзелетінін ескерсек, сын-ескертпелердің бәрі болмаса да біразы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының заман талабына сай ыңғайланып кетуіне септігін тигізді. Сондықтан бұл бағдарлама да қазақ жастарының ертеңгі күнге деген сенімін нықтай түскен бағыт болғанын мойындауымыз керек.

Бұдан басқа, мемлекетіміз кәсіптік-техникалық білім алуға көңілі ауған жастарға да үлкен қолдау көрсеткенін айрықша атап өтуге болады. Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі елімізде кәсіптік-техникалық білім беріп келген орта буынды білім беру нысандарының материалдық базасын нығайтып, аталған оқу орындарында тәлім алған жастардың жергілікті жердегі өндіріс ошақтарында алған білімін нақты іс-тәжірибе жүзінде ұштауға кеңінен мүмкіндік туғызды.

Мемлекеттің бұл бағыттағы жұмыстарына «Қазақмыс», «ҚазақМұнайГаз»  сынды еліміздегі жүйе құраушы компаниялар белсене араласып, бірнеше колледждерді заман талабына сай қайта құрылымдап, ортақ іске өз үлестерін қосқанын айрықша атап өтуге болады. Сөзіміз дәлелсіз болмасын, біздер жұмыс бабымен Балқаш қаласына барғанымызда сол жердегі «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен жұмыс істеп тұрған колледждің жұмысымен танысқанымызда, балқаштық жастардың көпшілігі аталған оқуға түсіп, кәсіптік-техникалық мамандықты меңгеріп, іргелі өндіріс ошағында жұмыс істеуді армандайтынын байқадық. Дәл осындай мұнай-газ саласына қажетті мамандарды даярлайтын орта буынды оқу орындары Атырау, Маңғыстау сынды мұнайлы өлкелерде де ұйымдастырылған. Осылайша, елімізде жастарды жұмыспен қамту мәселесінде де маңызды жұмыстар қолға алынып, өз нәтижесін бергенін байқауға болады.

Жастар және баспана

Ендігі жерде жастарды баспанамен қамту өзекті мәселеге айналып тұр. Бұл мәселеде мемлекеттік деңгейде қабылданған маңызды бағдарламаларда жастардың үйлі болуының тетіктері қарастырылған. Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында «Жас отбасы» категориясы бойынша жүздеген жас үйлі-баранды болғанын білеміз. Осы жайттарды ой елегінен өткізген кез келген адам елімізде жастарға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетудің жүйесі қалыптасқанын байқауға болады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қазақ жастарының биіктен көрінуіне жол аша беретіні анық.

Айнұр ЖҰМАХАН    

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here