Елімізде мемлекеттің дін саласындағы саясатын айқындайтын 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі.
Осы тұжырымдамада айтылған міндеттерді жүзеге асыруда еліміздегі мешіттер мен діни бірлестіктер қандай іс-шаралар атқаруда? Тұжырымдама қабылданғалы бері екі жылда дін мен қоғам арасындағы диалог жаңа деңгейге көтерілді ме? Дәстүр-салтымыз бен дінімізді дәнекерлеуде имамдарға нендей миссия жүктелген?
«Қала мен Даланың» осы және өзге де сауалдарына дінтанушы, Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары Мұхаметжан Естемірұлы егжей-тегжейлі жауап берді.
– Діннің қоғамдағы рөлі күшейіп жатқаны айтпасақ та анық. Осы бағытта ҚМДБ өкілі ретінде діни салада атқарылған ағарту жұмыстарын айта отырсаңыз.
– Ресми деректерге қарағанда, елімізде жұрттың 75 пайызға жуығы мұсылмандар екен. Өзгелері – православ, католиктер. Айталық, Түркістан облысындағы халықтың 85 пайыздан астамы ислам дінін ұстанады.
Жалпы, еліміздегі діни ахуал соңғы жылдары тұрақталып келе жатыр. Бұл бірінші кезекте мемлекеттің осы бағытта жүргізген сауатты саясатының нәтижесі деп білемін.
Иә, теріс жолға түскен, теріс ағымның ықпалында кеткен адамдар бар. Алайда өз тәжірибем бойынша оларды тек уағыз айтып түзу жолға түсіре алмайсың. Уағыз олардың бетін бері қаратудың сан амалының бірі ғана. Адасқан бауырларымызды түрлі мәдени-спорттық шараларға атсалыстырған жөн. Дастарқаннан шеттетпей, қонақ қылған, үстел басында тілдескен абзал.
Мысалға, біз жамағат арасында тұрақты түрде спорттық жарыстар ұйымдастырамыз. Мұндай жарыстарға көзқарасы біздің дәстүрлі дінімізге кереғар бауырларымызды да шақырып, шараны пайдаланып, олардың түсінбеген нәрселерін түсіндіруге тырысамыз.
Тоқетерін айтқанда, теріс жолға түскен бауырларды кеудеден теппей, керісінше ұстамды, толерантты жұмыс істеуге ұмтыламыз.
– Жалпы, елімізде тыйым салынған діни ағымдардың тізімі бар ма?
– Бар. Елімізде 22-ге жуық астыртын, арам пиғылдағы, кереғар бағыттағы ағымдарға заң жүзінде тыйым салынған. Бұларға ел аумағында насихатын жүргізуге мүлде жол берілмейді.
Әрине, Діни басқарма бұлармен жалғыз-жарым күресіп жеңе алмасы анық. Біз облыстық Ішкі саясат басқармасымен, басқа да әкімшілік органдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Жергілікті ақпараттық-насихаттық тобы да құрылған. Қазір мұның құрамында 30-ға тарта мүше бар.
Топ мүшелері адасқан азаматтармен әрдайым жүздесіп, оларды түзу жолға түсіруге тырысып жүр. Осының нәтижесінде жүздеген азаматты өзіміздің ата дінімізге оралттық. Нақты айтар болсам, өткен жылы 200-ден аса азамат адасқанын мойындап, дәстүрлі дінімізге қайта оралды.
Жалпы, былтырғы жылы Діни басқарманың мұрындық болуымен 900-ге тарта азамат жат ағымнан бас тартып, салт-дәстүрімізге, дінімізге оралған.
– Қазақстан – зайырлы ел. Мемлекет барлық азаматтың діни сенімі және бостандығына құрметпен қарайды. Бұл орайда 2017-2020 жылдарға арналған діни тұжырымдама еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге қандай үлес қосты деп санайсыз?
– Тұжырымдаманың талаптарына зер салар болсақ, зайырлы деген сөздің мән-мағынасын барынша ашып жазған. «Зайырлы ел дегеніміз – діннен аулақ, алшақ кеткен дегенді білдірмейді», – делінеді тұжырымдамада.
Тұжырымдама қабылданғалы бері дінге деген мемлекеттің қамқорлығы өсіп
келеді. Осы бағытта арнайы заң да қабылданды.
Діни толеранттылық деген ұғым жаңа деңгейде дәріптеліп, халықтың діни сауаты
ашылып жатыр.
Тұжырымдама нәтижесінде жат ағымдардың тізімі түзіліп, дұрыс-бұрыс дегендері екшелді, халықтың ой-санасын улайтын кейбір ағымдарға «мемлекеттің іргетасын ірітеді» деген нақты пәтуа шығарылды.
Дін істері басқармасының іргесінен діни мәселелерді зерттейтін орталық, бұдан бөлек діни басқарма жанынан арнайы Пәтуа бөлімшесі құрылды. Осының негізінде бүгінгі таңда қауіпті ағымдар алдын ала анықталып, аяғынан тұсалып отыр.
Тұжырымдама мұндай ұйымдарға деген нөлдік төзімділікті қалыптастырды. Қазір қауіпті, ұстыны мемлекет мүддесіне жат ағымдар анықталса, бірден тиісті орындарға жетеді, бұл жүйе автоматты жолға қойылған.
– Тұжырымдамадағы тағы бір маңызды міндет – имамдардың діни біліктілігін арттыру. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқтала отырсаңыз.
– Дін өкілі дінмен жұмыс жасайтын болғандықтан, діни білімін арттыру мәселесі өзекті. Соңғы жылдары өздеріңіз де көріп отырсыздар, мешіт имамына, найбқа, молдаға деген талап күшейіп келеді. Мұны бірінші кезекте қоғам талап етіп отыр. Себебі заман өзгеріп жатыр. Бүгінгінің имамы технологияның тілінде ойнап, компьютерді беске меңгеруі тиіс.
Осының нәтижесінде бір кездері 3-4 айлық курсты тәмамдап имам атанғандар қазіргі күні алған білімінің аздық етерін түсініп, оқуларын қайтадан жалғастырып жатыр.
Айталық, өңіріміздегі көптеген имамдарды ҚМДБ-ның арнайы келісімімен Түркияға, Египеттегі оқу орындарына жолдамамен жіберудеміз.
Ілгеріде айтып кеткенімдей, ғылым-білім дамыған сайын дін де дамуы тиіс. Дін де заман көшінен қалмағаны жөн. Ислам діні бұған толыққанды әзір.
Мәселен, қасиетті Құранның сүресінде электр қуатының болатыны, темірдің қанша градус ыстықта балқитыны тайға таңба басқандай жазылған. Түптеп келгенде, ислам – тұнып тұрған ғылым. Осы ретте біз имамдарымыздың жан-жақты кемелді, білімді болуын қадағалауға тиістіміз.
2017-2020 жылдарға арналған діни тұжырымдамада мұның барлығы баса көрсетілген. Тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі діни сала мамандарының сауатын арттыру, білімін, білігін көтеру. Қазақстанда қазіргі күні 2 бірдей Құран жаттау орталығы, 9 діни медресе колледжі және Нұр- Мүбәрак университеті бар.
Бұдан бөлек, діни сауат ашу курстары да көбейіп келеді. Бүгінгі таңда елімізде 56 діни сауат ашу курсы және 1 қарилар дайындау орталығы тіркелген екен.
Тағы да қайталап айтайын. Технология дінімізге жат емес. Имамның интернетті меңгергенінің, электронды поштамен хат жібергенінің еш әбестігі жоқ.
– Кері ағымға өтіп кеткендердің арасында өз тілінде шала сөйлейтін бауырларымыз көп дейді. Осы қаншалықты рас?
Жасырып жабары жоқ, қазақ бауырларымыз өзінің салт-дәстүрі мен дініне адал болса теріс ағымның жетегінде кетпейді. Теріс ағымның арбауына түскендердің арасында туған тілін білмейтін бауырларымыздың көп екені рас. Бұдан бөлек, материалдық жағдайдың нашарлығынан осы жолға түскен азаматтар да жетерлік.
Қазақтың салт-дәстүрі дін исламмен берік үндескен. Адасқан бауырларымыз осыны түсінсе екен деймін. Ата-баба дәстүрін құрметтеген адам адаспайды. Қазақтың дәстүр-жоралғысының өне-бойы тұнып тұрған кішіпейілділік пен адамгершіліктің көрінісі. Иә, біздің дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар, алайда ешбірі ислам дініне қайшы емес.
– Сөзіңіз аузыңызда, қазір мешіт салуға демеушілік танытатын азаматтар көп. Әрине, мешіттің салынғаны жөн. Дегенмен көзі қарақты оқырманның тарапынан: «мешіттер салғанша неге мектеп, мұқтаж жандарға арнап баспана салмайды» деген пікірді жиі естиміз. Бұл жайында не дер едіңіз?
– Оқырманның ойы орынды. Рас бір мешітке мұқтаж аудан-ауылдар әлі де бар. Әйтсе де, мешіт салғысы келетін азаматтарға үнемі «жол салыңыздар, көпір салыңыздар, балабақша тұрғызып беріңіздер, мұқтаж жандардың балаларына көмектесіп, оқу ақысын төлеп беріңіздер» деп үндеп отырамыз.
Біздің пікіріміз де жалпы бұқараның пайымымен үндес. Ал мешіт қай кезде керек болады? Келуші жамағат ішіне сыймай сыртқа шығуға мәжбүр болып, тасып жатса қажет болады. Айталық, бір ауылға бір мешіт жетеді, оған екінші мешіт салудың еш қажеті жоқ. Әрине, бұл мешіт салғысы бар кәсіпкерлердің меселін қайтару емес. Шама-шарқымыз келгенше қалтасында қаржысы бар азаматтарға мұқтаж жандарға үй, жатақхана соғып беріңдер деп әрдайым айтып отырамыз.