Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін атқарушы билік орындары көпбалалыларды қолдау бағытындағы жұмыстарын бастап кетті. Өз кезегінде ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңгеден төлеу жүйесін түсіндіріп берді.

Оның сөзіне қарағанда, алдымен көпбалалы отбасының табысы есептеледі. Ал жаңа жәрдемақы табысы төмен отбасыларға ғана төленеді.

– Бұл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көмек. Жағдайы жақсы отбасылар ондай көмекке зәру емес деп ойлаймын. Ал кедейшілік деңгейінен төмен отбасыларға көмектесу керек. Президент айтқандай, кедейшіліктің деңгейі күнкөріс минимумының 50 процентінен 70 процентке дейін көтеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда осы межеден төмен тұрғандарға атаулы көмектің жаңа түрі беріледі. Сосын ондай отбасылардың жалпы табысын есептегенде басқа әлеуметтік төлемдер ескерілмейді. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті алу шаралары жеңілдейді. Демек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларда әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді. Нақты айтсақ, 20 789 мың теңге. Ондай көмекті төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады, – деді Ә.Смайылов журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен бөлінген қаржының көлемі 34 проценттен 45 процентке дейін артты. Алдағы үш жылда аталған көрсеткішті 49 процентке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, соның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары күшейеді. Президент атаулы көмекті арттыруды жүктеді. Баспанамен қамту бар.

Сондай-ақ Смайылов табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды асырап отырған азаматтарға баспана алуға берілетін 2-3 пайыздық несиелер жүйесі туралы пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, алдымен республикалық бюджеттен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 миллиард теңге бөлінеді. Банк ол қаражатты басқа ресурстармен бірге жеңілдетілген несиелерді беруге жұмсайды.

– Сәуір айында біз қаржыландыруды бастаймыз. Одан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несиенің жаңа түрін тездетіп әзірлеп, халыққа ұсынуы қажет. Бірақ биылдан бастап 2-3 пайыздық несиелер беріледі. Ол – анық нәрсе, – деді Ә.Смайылов журналистерге берген сұхбатында.

Өз кезегінде ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева өзінің Фейсбуктағы парақшасында Елбасының бастамасына қолдау білдірді.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі – ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы. Іс жүзінде бүгін жаңа әлеуметтік доктрина ұсынылды десек те болады. Оның басты басымдықтары – бұл өмір сапасын арттыру және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсету. Мені ең маңызды әлеуметтік бастамалардың осы жылдан-ақ жүзеге асырыла бастайтындығы қуантты, – деп жазды Аида Балаева Фейсбуктегі парақшасында.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бюджет саласының ең төмен жалақы алатын қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға (олар санитар жұмысшылар, мейірбикелер, техникалық жұмысшылар және т.б.), атқарушы органдардың азаматтармен тікелей жұмыс істейтін төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 25 пайызға  көтерілетін болады.

Бұл мақсаттарға Үкімет шамамен 980 млрд теңге бөлмекші. Бұл цифрлардың тасасында көптеген адамның әл-ауқатын жақсартуға деген үміті тұр.

Мемлекет басшысы айтқандай, реформаның нәтижелерін бүгіннен-ақ әрбір қазақстандық отбасы сезінуі тиіс.

Съездегі ең басты шешім балаларға арналған төлемді көтеру болғаны анық. Көпшілік үшін төлем тәртібі қалай айқындалатындығы түсініксіз. Осы ретте Аида Балаева әлеуметтік парақшасында жаңа әлеуметтік қолдаулардың қалай іске асатынын түсіндіре кетіпті.

– Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы бекітілген кедейшілік шегінен – 14,8 мың теңгеден немесе күнкөріс минимумының 50 пайызынан төмен азаматтарға көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кедейшілік шегі күнкөріс минимумының 70 пайызына дейін көтерілді және 20 800 теңгені құрайды. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың әрбір баласына 20 800 теңге аударылады дегенді білдіреді. Бүгінгі күні 4 және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған отбасы көпбалалы саналады. Егер көпбалалы отбасыда 4 бала болса, онда жәрдемақының жалпы сомасы 83 мың теңге болады. Ал егер анасы үйде отырса, онда оның атаулы әлеуметтік көмегі қосылады. Мұндай отбасының жалпы табысы шамамен 103 мың теңге болады, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар ол мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақы 30 пайызға көтерілетіндігін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here